Қазақстандық дарынды бала 15 жасында университет бітірмек
Қазақ-Британ техникалық университетінің үшінші курс студенті Абзал Мырзаш Массачусетс технологиялық институтының магистратурасына түсуді мақсат етіп отыр
Қазақ-Британ техникалық университетінің үшінші курс студенті, небәрі 14 жастағы Абзал Мырзаш келер жылы бакалавр деңгейін алады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ҚР Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ақпараттық технологиялар бағытында ізденіс үстінде жүрген Абзал жоғарғы оқу орнын бітірген соң Массачусетс технологиялық институтының магистратурасына түсуді мақсат етіп отыр екен. Жас талант өзінің негізгі мамандығымен қатар, өзге де бірнеше сала бойынша білім алуда.
«Соңғы күндері бүкіл әлем тоғыз жасар Лоран Симонстың (нидерландылық) ерекше дарыны жайлы айтып жүр. Электротехника бойынша білім алып жатқан жас талант өзінің айрықша тез оқу қабілетімен жұртты таң қалдырып жатыр. Біздің елде де ондай дарынды балалар баршылық. Солардың бірі – Қазақ-Британ техникалық университетінің үшінші курс студенті, 14 жастағы Абзал Мырзаш. Ол келесі жылы бакалавр деңгейін алады. Абзалдың болашақта ғылым саласында айрықша із қалдыратынына сеніміміз мол», – делінген Білім және ғылым министрлігінің хабарламасында.