Қазақ жігіті сумодан жастар арасында Жапония чемпионы атанды (ФОТО)
22 жастағы жерлесіміз дохиоға (татами) 7 рет шығып, барлығында да қарсыласынан басым түскен

4 жыл бұрын Жапонияға аттанған қазақ жігіті студенттер арасында өткен ел біріншілігінде чемпион атанды. Оның жетістігін жергілікті БАҚ өкілдері жарыса жазып жатыр.
Ерсін Балтағұл Токиоға Алматыдан 18 жасында аттаныпты. Azattyq Rýhy тілшісі спортшымен сұхбаттасып, сумоны таңдауының себебін, Жапониядағы өмірі мен болашаққа жоспары туралы сұрап білді.
Ерсіннің сумо күресіне келуіне әйгілі балуан (сумошы) Асашери Акинори себепкер болыпты. Ол қазақ жігітінің ерекше дене бітіміне назар аударып, оның Жапонияда оқуына қолғабыс болыпты. Қазір Ерсін Нихон университетінің жатақханасында тұрады. Оқуға келгенде жігіттің салмағы 130 келі тартса, қазір 170 келіге дейін жеткен.
«Чемпион болуыма ең алдымен жаттықтырушымның біліктілігі, қаталдығы себеп болды деп айта алам. Оның айтқанының бәрін істейміз. Оның үстіне, сонау Қазақ елінен келген соң намысқа тырысып, Қазақстанның атына кір кілтірмейін дедім. Жалпы, сумодан ең мықты студенттер Жапонияның үш университетінде оқиды. Біз солардың бірінің намысын қорғадық. Менің жеңісімді жергілікті БАҚ-тар жазып жатыр, «қазақ баласы чемпиондарды жеңді» депті. Енді осы қарқынмен әлем чемпионатына барсам деген жоспар бар», - дейді Ерсін Балтағұл.
Оқуын бітірген соң жерлесіміз Жапонияда кәсіби сумошылардың мектебіне түспек. Ол жапон тілін еркін меңгеріп алған. Жатақханада жапон және моңғол сумошылармен бірге тұрады. Күніне төрт сағатқа дейін жаттығу жасайды.
Сумошылар күн сайын бірнеше келі күріш пен чанко сорпасын ішуі тиіс. Ерсін Қазақстаннан қазы мен құртын апарғанымен, жергілікті спортшылар оларды жей алмапты.
«Елімнің атын тек Жапонияда емес, бүкіл әлемде шығарғым келеді, яғни алдағы әлем чемпионатын жеңуді мақсат етіп отырмын. Туымызды көтеріп, қазақ атауын әйгілей түссем деймін. Сондай-ақ, маған сенім артып отырған адамдар бар, солардың үмітін ақтауым керек», - дейді қазақ сумошысы.
Ерсін Жапонияда тегін оқып жатыр. Оның шығындарын өзі оқитын университет көтереді. Ал, жас жігіттің «күншығыс еліне» аттануына көмектескен қазақстандық кәсіпкер Сырым Тауұлы келер жылдың көктемінде тағы бір қазақ талантын Токиоға аттандырмақшы.
«Ерсіннің бұл жеңісін соншама сүйіншілетуге қарсымын. Ол әлі жас, мұндай қошемет оған кері әсерін тигізуде. Атаққа, мансапқа құмар болуына біз осылай өзіміз себеп боламыз. Оның үстіне, Ерсіннің чемпион болған жарысы аса үлкен турнир емес. Үлкен жетістіктерге жеткенше спортшыны босаңсытуға болмайды. Ал, келер жылы Жапонияға баратын екінші қазақ баласының жасы әзірге 15-те. Әлі жас, бірақ талантты. Жетістіктерге жетіп үлгерді. Болашағы бар деп сенем», - дейді кәсіпкер Сырым Тауұлы.
Әмірболат Құсайынұлы, Алматы.