$ 504.34  556.34  5.97
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
18.11.2019, 17:23
Жаңалықтар

АҚШ-тың Иранға салған санкциясы қазақ арпасына деген сұранысты көбейткен

Қазақстан Иранға арпа-бидай экспортын тоқтатпайды. Ираннан басқа, биыл Қытай да арпаға қатты сұраныс танытқан.

АҚШ-тың Иранға салған санкциясы қазақ арпасына деген сұранысты көбейткен

Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров мәлім етті.  Жалпы, министрдің айтуынша, биыл ауа райының қолайсыздығына байланысты өткен жылдармен салыстырғанда, егін аз орылған. Бірақ, бидай «дағдарысы» болмайды, дейді ол.

«Өйткені, ішкі тұтыну 5,9 млн тонна астық. Келесі жылға 2 млн тонна дән қалады, жем-шөпке  1 млн тоннадай астық кетеді. Қалғаны экспортталады.Қазір облыстар мен шаруашылықтардың барлығы дәнмен қамтылды, ішкі нарық толық. Бидай бағасы қымбаттаса, нарықты тұрақтандыру үшін 569 мың тонна астықты сақтап отырмыз», - деді ол.

Министр Иранға биыл қанша тонна астық экспортталатынын нақты айтқан жоқ, тек арпаның экспорты азаймайтынын айтты.

«АҚШ-тың санкцияларына байланысты Иранға экспорт шығару мәселесінде қиындық бар, ол бірнеше жылдан бері келе жатқан қиындық. Дәлірек айтқанда, төлем жүргізу уақыты кешігеді. Бірақ, мәселе жылда оң шешілетін, сондықтан биыл Иранға шығаратын экспорт көлемі азаймайды деп ойлаймын. Жалпы, Иранға арпа көп экспорттаймыз, ал биыл біздің арпаға Қытай көп сұраныс түсірді, осылайша, біз үшін жаңа нарық ашылды. Сондықтан, біздің арпа нарықсыз қалады деген қауіп жоқ», - деді Сапархан Омаров.

Кенжекей Тоқтамұрат, Нұр-Сұлтан

Серіктес жаңалықтары