Бауыржан Исламхан AFC ойындарынан шеттетілді
Футболшының сынамасынан допинг табылған
Азия футбол конфедерациясы (AFC) «Әл-Айн» командасының ойыншысы Бауыржан Исламханды ресми ойындардан уақытша шеттетті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қазақстандық футболшының қыркүйекте Азия чемпиондар лигасы аясында өткен «Әл-Садд» — «Әл-Айн» матчынан кейін тапсырған сынамасынан допинг табылған. AFC Бауыржан Исламханды ресми ойындардан шеттетті. Екінші сынаманың нәтижесі шыққан соң футболшының тағдыры шешіледі.
Айта кететіні, «Әл Садд» – «Әл-Айн» арасындағы матч 18 қыркүйекте 2019/20 Азия Чемпиондар лигасының топтық кезеңі аясында өтті. Аталған кездесуде Исламхан 68 минут ойнаған. Оның командасы Катарға 10 қыркүйекте келген. Футболшыларға клуб аумағынан сыртқа шығуға рұқсат берілген жоқ. Яғни, тыйым салынған препарат қазақстандық жартылай қорғаушының ағзасына дәл сол клуб аумағында орналасқан уақытта түсуі мүмкін. Биылғы маусымда Бауыржан Исламхан «Әл-Айн» командасының сапында 4 матчта алаңға шықты.