Боксшылар Олимпиада ойындарына сақадай сай – Мырзағали Айтжанов
Ұлттық құраманың аға бапкері боксшылардың бабына қатысты сауалға жауап берді
Коронавирус пандемиясына байланысты биыл өтуі тиіс Токио Олимпиадасы келер жылға қалдырылғанын білеміз. Төрт жылда бір келетін дүбірлі дода енді әлемдегі эпидемиялық ахуал тұрақталса, 2021 жылдың жазында өтеді. Ал оған қатысуға жолдама алып қойған спортшылар бір жыл бойы жарақат алмай, барынша күтінуі тиіс.
Олимпиада десе қазақстандық жанкүйерлер боксшыларға үмітпен қарайды. Өйткені, тәуелсіздік алған уақыттан бері Қазақстан жазғы 6 олимпиада ойындарына қатысса, соның бәрінде боксшылар ел қоржынына алтын медаль салып отырған. Атап айтқанда, 1996 жылы Атлантада – Василий Жиров, 2000 жылы Сиднейде – Бекзат Саттарханов пен Ермахан Ибрайымов, 2004 жылы Афиныда – Бақтияр Артаев, 2008 жылы Пекинде – Бақыт Сәрсекбаев, 2012 жылы Лондонда – Серік Сәпиев, 2016 жылы Рио-де-Жанейрода – Данияр Елеусінов.
Токиода өтетін Олимпиада ойындарынан да қазақ жанкүйерлері үлкен үміт күтеді. Отандық боксшылар барлық салмақ дәрежесінде өнер көрсетеді деп күтіліп отыр. Биыл саңлақтарымыз қажетті тоғыз жолдаманың бәрін алып үлгерген. Атап айтқанда:
- 52 келіде – Сәкен Бибосынов;
- 57 келіде – Серік Теміржанов;
- 63 келіде – Зәкір Сафиуллин;
- 69 келіде – Абылайхан Жүсіпов;
- 75 келіде – Әбілхан Аманқұл;
- 81 келіде – Бекзат Нұрдәулетов;
- 91 келіде – Василий Левит;
- +91 келіде – Қамшыбек Қоңқабаев.
Әйелдер арасында ел намысын Надежда Рябец (75 келі) қорғайды.
Бокстан ұлттық құраманың аға бапкері Мырзағали Айтжановтың айтуынша, бір жылда боксшыларымыз бабын жоғалта қоймайды. Тек жарақат алып қалмаса болды дейді ол.
«Иә, спортшылардың бәрі 1 жылға қартайды, бірақ ұлттық құрамада жасы келіп, боксты тастағалы жүрген спортшылар жоқ, бәрі жап-жас. Күнделікті жаттығуын жасап, алда болатын жарыстарға дайындалып жатыр. Біз бірінші миссияны орындадық – яғни, Олимпиада ойындарына берілетін жолдаманың барлығын алдық. Ендігі миссия – Токиодан кемі 1 алтын медальмен оралу. Боксшылардың ешбірін бөліп-жарғым келмейді, бәрінің де алтын алуға мүмкіндігі жоғары», - дейді М.Айтжанов.
Ал, пандемия боксшылардың бабына кері әсерін тигізген жоқ па деген сауалға аға бапкер былай жауап берді:
«Ұлттық құрамадағы боксшылардың бәрі дәл қазір бабында. Жаттығуды қайта бастадық. Айта кетерлігі, пандемиядан тек қазақ боксшылары ғана жаттығуын тоқтатқан жоқ, бүкіл әлемде осы жағдай болды. Яғни, бәріміздің ахуалымыз шамалас, біз карантин сақтап жатқанда, өзге елдің боксшылары оқу-жаттығу жиындарын өткізген жоқ, бәрімізге берілген мүмкіндік бірдей. Бастысы, жазға дейін әлі уақыт бар, соны ұтымды пайдалануымыз керек».
Еске салайық, биыл көктемде Халықаралық Олимпиада комитеті мен Жапонияның Премьер-министрі Токио олимпиадасын кейінге қалдыру туралы ортақ шешім қабылдады. Бұл коронавирустық пандемияның салдарынан амалсыз қабылданған шешім деді олар.