$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
12.10.2020, 12:09
Жаңалықтар

Жәнібек Әлімханұлының кезекті жеңісі: сарапшылар оның болашағына болжам жасады

Қазақстандық боксшы кәсіпқой бокстағы тоғызыншы жеңісіне қол жеткізді

Жәнібек Әлімханұлының кезекті жеңісі: сарапшылар оның болашағына болжам жасады
Prosports.kz

Кәсіпқой бокстан орта салмақта Қазақстан намысын АҚШ-та қорғап жүрген талантты боксшы Жәнібек Әлімханұлы шаршы алаңдағы тоғызыншы жекпе-жегін де жеңіспен аяқтады. Бұл жолы жерлесіміз аргентиналық қарсыласы Гонсало Корияны небәрі екінші раундта нокатпен тізе бүктірді. Жекпе-жек 10 раундқа жоспарланған болатын.

Осы жеңісінен кейін қазақ боксшысының перспективасы туралы отандық сарапшылармен бірге әлемдік спорт мамандары да пікір білдіре бастады. Өйткені, бұған дейін қазақстандық эксперттер Жәнібекті «Геннадий Головкиннің орнын басатын саңлақ» деп бағалап келген еді. Сондай-ақ, соңғы уақытта Әлімханұлының әлем чемпионы Сауль «Канело» Альвареспен жұдырықтасу мүмкіндігі туралы да халықаралық басылымдарда жазылып жүр.

Ресейлік спорт комментаторы, спорт сарапшысы, FightSpace жобасының негізін қалаушы Григорий Стангрит Жәнібектің соңғы жекпе-жегінің тез аяқталуы таң қаларлық құбылыс емес дейді. Өйткені, аргентиналық боксшы тәжірибелі болса да (16 жекпе-жек өткізген), әлемдік ареналарда аз өнер көрсеткен. Оның Латвия, Мексика және АҚШ-та өткен үш кездесуінің екеуі жеңіліспен аяқталыпты. Сондықтан Әлімханұлының промоутерлеріне келесіде мықтырақ қарсылас таңдау керек дейді ол. ТОП деңгейдегі боксшылармен жұдырықтаспаса, чемпиондық белбеудің ауылы алыс болмақ.

«ТОП деңгейдегі боксшылардың тізімін Сауль Альварес, Джермалл Чарло, Деметриус Андраде, Риота Мурата және Сергей Деревянченко бастап тұр. Әлімханұлы ең алдымен, Крис Юбенк, Сергей Деревянченколармен күш сынасып көрсе деймін. Олар Жәнібекпен деңгейлес. Соларды жеңіп жатса, межені көтеруге болады. Деревянченконың Головкиннен жеңілгенін білеміз, одан кейін де ол бір кездесу өткізді, шаршады. Қазір тағы бір қазақ боксшысымен жұдырықтасуға келісім беруі қиын, демалуы керек. Чарло да соңғы жекпе-жегінде жеңілді. Қазіргі жоспарын білмеймін. Менің ойымша, Жәнібек Әлімханұлына дәл қазіргі сәтте таптырмас қарсылас поляк Мацей Сулецки бола алады. Ол өте тәжірибелі спортшы. Дэниел Джейкобстан жеңілсе де, әбден тығырыққа тірегенін білеміз. Росадоны жеңді. Деметриуос Андрадемен 12 раунд төбелесті. Қысқасы, қазақстандық боксшының промоутерлеріне қарсылас таңдағанда енді ойлануы керек, әлсіздерді іздеудің қажеті жоқ, ол Жәнібекті өсірмейді», - дейді спорт сарапшысы.

Бұған дейін Жәнібек Әлімханұлының қорғанысын сынап келген қазақстандық даңқты боксшы, 1980 жылғы Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Виктор Демьяненко болса Жәнібектің әлдеқайда өзгергенін айтып отыр. Яғни, оның бойынан оң өзгеріс байқадым дейді. Ал, чемпиондық белбеу үшін болатын жекпе-жекті дәл қазір өткізудің қажеті шамалы дейді Демьяненко. Оның пікірінше, боксшы әлі де тәжірибе жинауы керек.

«Жәнібектің әуесқой бокста тәжірибесі мол, ол кәсіпқойға құр алақан келген жоқ. Ал қазіргі промоутері Боб Арум кәсіпқой бокс әлеміндегі ең даңқты мамандардың бірі. Ол Василий Ломаченконы небәрі екінші жекпе-жегінде чемпиондық атаққа алып келді. Десе де, Әлімханұлына қазір асықпаған жөн. Белбеу үшін айқасқа дейін тағы 2-3 жекпе-жек өткізіп, тәжірибесін шыңдап алса деймін. Бірақ созып алуға да болмайды, кәсіпқой бокста уақыт зымырап тез өтіп кеткенін байқамай қаласың», - дейді В.Демьяненко.

Жәнібек Әлімханұлы 1993 жылы туған. Ол – әуесқой бокстан ересектер арасында әлем чемпионы.

Серіктес жаңалықтары