Көкшетауда жасырын той өткізген мейрамхана анықталды

Мониторингтік топ 50-ден астам адам жиналған мейрамханаға 2-3 сағат бойы кіре алмаған

Көкшетауда жасырын той өткізген мейрамхана анықталды

Көкшетаулықтар карантинге қарамастан той жасауларын тоқтатар емес, деп хабарлайды Azattyq Rýhyтілшісі «Хабар 24» телеарнасына сілтеме жасап.

Мониторинг тобы кеше де бірнеше мейрамхананың жұмыс істеп тұрғанын әшкереледі. Мәселен, Қызылжар көшесінің бойында орналасқан осындай нысанда 50-ден астам адамға той өткізіп жатқаны белгілі болған. Алайда санитарлық дәрігерлер мен полицейлерге ішке кіріп, заңбұзушылықты тіркеу үшін сыртта 2-3 сағат күтуге тура келген. Себебі мейрамхана әкімшілігі есікті оңайлықпен ашпаған. Енді олар ірі көлемде айыппұл төлейді. Оның көлемі заңнамаға сәйкес 600 мың теңгеден асады. Ал тексерушілер Көктем шағын ауданындағы тойхананың астыңғы қабатында орналасқан көлік жуатын орын арқылы онда кісілердің кіріп-шығып жатқанын көргенімен, іс-шараны тоқтата алмаған. 

«Мейрамхананың есіктері мен қақпаларының бәрі құлыптаулы болды. Біз тек сырттай көлік жуатын орын арқылы қонақтардың кешке кіргенін, ал түнде мониторинг тобынан қашқанын тіркедік. Фотосуреттер мен әкімшілік іс сотқа жолданды. Жалпы осы сенбі-жексенбі күндері 50-ден астам нысанға тексеріс жүргізіліп, олардың 5%-інен заңбұзушылық анықталды», - деді қаланың бас санитар дәрігері Қанат Ысқақов.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.