«Ақтөбе» футбол клубы ешкімге қарыз емес – облыс әкімі
Әкім халықтың «бюджет қаражаты желге ұшып жатыр» деген сынына жауап берді

Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин ОКҚ алаңында өткен брифингте Azattyq Rýhy тілшісінің «Ақтөбе» футбол клубының қаржылық проблемаларына қатысты сұрағына жауап берді. Әкімнің мәліметінше, былтырғы жылы қаржылық мәселелерге байланысты сүреңсіз ойын көрсеткен футбол клубының дәл қазір ешкімнің алдында қарызы жоқ.
«Жанкүйерлердің мақтанышы – «Ақтөбе» футбол клубы былтыр премьер-лигадан бірінші лигаға түсіп қалды. Сол оқиғадан кейін «Қайткенде де клубтың жағдайын жақсартып, премьер-лигаға қайта ораламыз» деп уәде берген едім. Биыл қаржыландырудың арқасында біз жаңа команда жасақтап, жоғары лигаға қайта оралдық. Қазір салық бойынша, бұрын-соңды командада ойнаған футболшылар алдында клубтың қарызы жоқ. Қазір бір футболшымен сот процесі жүріп жатыр және оны жеңуге толық мүмкіндік бар. Бір мәмілеге келеміз деп ойлаймын. Ал қалған мәселелер шешілді», - деді Оңдасын Оразалин.
Әкімнің айтуынша, футбол клубының материалдық базасын нығайту мақсатында 270 млн теңге жұмсалған.
«Клубтың материалдық базасын нығайту үшін үлкен алаңды 270 млн теңгеге жөндеп алдық. Келешекте стадионды жөндеу жоспарда бар. Клубты жекешелендіруге өтініш жасадық, бірақ Үкімет оны келесі жылға қалдырып отыр. Орталық стадионды клубқа сенімгерлікке бердік. Көрермендер кейде «сонша қаражатты бюджет есебінен бөліп жатсыңдар» ден сынап жатады. Ақша тек «Ақтөбе» футбол клубына бөлінбейді, оның ішінде біздің шағын футбол, жасөспірімдер футболы бар. Соларды қолдау ретінде клуб арқылы қаражат бөлінеді. Келесі жылы Мемлекет басшысы берген тапсырмаға байланысты бюджет шығындарын оңтайластырамыз. Демеушілер арқылы қаражат тартуды жоспарлап отырмыз», - деп атап өтті әкім.
Айта кететіні, 2019 жылдың қарашасында «Ақтөбе» футбол клубы ҚПЛ-ден шығып қалды. Бес дүркін Қазақстан чемпионы атанған клуб биыл бірінші лиганы жеңіп, премьер-лигаға қайта оралды.
Айжан Қалиева, Нұр-Сұлтан