Ақтөбе облысында коронавируспен күреске 5 млрд теңге бөлінген
3,4 млрд теңге медициналық техника мен жабдықтар сатып алуға жұмсалады

Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин ОКҚ-да өткен журналистермен кездесу барысында коронавируспен күресуге шамамен 5 млрд теңге жұмсалғанын мәлім етті.
«Бар күшімізді инфекциямен күресуге және тұрақты эпидемиологиялық жағдайды сақтауға жұмылдырып отырмыз. Коронавируспен күреске шамамен 5 млрд теңге бөлінді, соның ішінде, медициналық техника мен жабдықтар сатып алуға 3,4 млрд теңге, дәрілік заттар, жеке қорғаныс құралдары мен өкпені жасанды желдеткіш аппараттарын сатып алуға 1,3 млрд теңге бөлінді», - деді өңір басшысы.
Әкімнің хабарлауынша, облыстағы медициналық мекемелер соңғы үлгідегі компьютер томографиямен, стационарлық рентген аппаратымен, өкпені жасанды желдеткіш аппаратымен, оттегі концентратымен қамтылған, 8 мобильді жылжымалы кешен, 41 санитарлық машина сатып алынған.