Павлодар облысында пайдаланусыз жатқан жер инвесторға беріледі
Облыста 12 миллион гектарға жуық жердің 3 проценті игерілмей жатыр

Павлодар облысында жыл басынан бері бос жатқан 665 мың гектар ауыл шаруашылық алқабы анықталды. Бүгінгі таңда 134 мың гектары мемлекет меншігіне қайтарылса, 258 мың гектар жер игеріле бастаған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі 24.kz-ке сілтеме жасап.
Облыстық қала құрылысы және жер бақылау басқармасының мәліметі бойынша, облыстағы жер қоры 12 миллион гектарға жуықтайды. Бүгінде оның 3 проценті игерілмей жатыр. Кепілде тұрған жерлерді айналымға енгізу инвесторлар арқылы жүзеге асады. Мұндай жұмыстар бірінші болып Ертіс ауданында қолға алынды. Кепілдікке қойылған 15 мың гектар алқап қолданысқа берілді. Қазір онда жер өңдеу жұмыстары басталды. Ақтоғай ауданында да инвесторларға 3,5 мың гектар жер берілді. Енді тағы 23 мың гектар алқапты айналымға енгізу жоспарда тұр.
«Пайдаланылмай бос жатқан жерлердің басым бөлігі Ертіс, Ақтоғай және Железин аудандарына тиесілі. Әкімшілік жауапқа тарту, жер салығының мөлшерлемесін арттыру шарасы қолданылады. Алайда қаржы тапшылығынан көктемгі дала жұмыстарын атқаруға мүмкіндігі жоқ шаруашылықтар өз еріктерімен бас тартты. Ол жерлер мемлекет меншігіне өтеді», - деді облыстық қала құрылысы және жер бақылау басқармасы басшысының орынбасары Болат Мидиу.