Павлодар облысында шағын және орта кәсіпкерлік нысандары азайды
Шағын және орта кәсіпкерлікте жұмыспен қамтылғандардың саны 4,7%-ға азайды

Қазіргі уақытта өңірде 44,9 мың шағын және орта кәсіпкерлік нысаны бар. Бұл туралы Павлодар облысының статистика департаменті мәлім етті, деп хабарлайды Pavlodarnews.kz.
«2020 жылғы 1 қазанға жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 2019 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,1%-ға кеміді және 44,9 мың бірлікті құрады. Оның ішінде: 10,6 мың – заңды тұлғалар, 31 мың – жеке кәсіпкерлер, 3,4 мың – шаруа немесе фермерлік қожалықтар», - деді департаментте.
2020 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша шағын және орта кәсіпкерлікте жұмыспен қамтылғандардың саны 4,7%-ға азайды және 128,7 мың адамға жетті.
2020 жылғы қаңтар-маусымдағы шағын және орта кәсіпкерліктің субъектілерімен өнім (тауар және қызмет) шығару (салыстырмалы бағада) 10,5%-ға кеміді және 335,4 млрд. теңгені құрады. Республиканың өнім (тауар және қызмет) шығарудағы облыстың үлес салмағы 2,6%-ды құрады.