Қайтыс болғаны туралы анықтаманы енді онлайн алуға болады
Бұрын бұл анықтаманы алу үшін бірнеше мекемеге бару қажет болған

Жақындарынан айрылған қазақстандықтар қайтыс болғаны туралы анықтаманы енді eGov.kz порталынан ала алады. Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Осы қызмет іске қосылумен қайтыс болу және перинаталдық өлім туралы медициналық куәлікті, сондай-ақ қайтыс болуды мемлекеттік тіркеу туралы куәлікті міндетті түрде ұсыну бөлігіндегі талаптар алып тасталады. Анықтама алу үшін қайтыс болған адамның ЖСН енгізу жеткілікті.
«Бұрын көп уақытты алатын бірнеше ұйымға бару қажет еді. Бұл анықтама жерлеу, жерлеуге арналған біржолғы төлемді тағайындау, қайтыс болған адамның зейнетақы жинақтарын алу және мұраны ресімдеу кезінде ұсыну үшін қажет. Енді оны онлайн режимінде алуға болады» - делінген аталған хабарламада.
eGov.kz порталындағы «Отбасы» бөлімінде «Отбасы жағдайы» бөлімшесін тауып, «Қайтыс болуды мемлекеттік тіркеу туралы хабарлама» қызметін таңдап, оған тапсырыс беріп, ЭЦҚ арқылы қол қою қажет. Оның нәтижесімен eGov.kz порталындағы пайдаланушының жеке кабинетінде танысуға болады.