Қазақстан бойынша 360 анестезиолог маман тапшы
Бүгін – Дүниежүзілік анестезиологтар күні
16 қазан күні анестезиолог мамандар кәсіби мерекелерін атап өтеді. 1846 жылдың дәл осы күні АҚШ-тың Бостон клиникасында тіс дәрігері Томас Мортон мен оның ұстазы Джексон бірегей тәжірибе жасаған. Тіс жұлу операциясы кезінде науқасқа эфирлік наркоз егілген. Соның әсерінен емделуші ауруды сезінбейді. Арада көп уақыт өтпей медицина саласындағы таптырмас өнертабыс патенттеліп, мыңдаған адамды ажалдан аман алып қалады. Уақыт өте келе анестезия медицинаның үздіксіз дамып келе жатқан саласына айналды, арнайы анестезиолог мамандар даярлана бастады. Көптеген операцияларды олардың қатысуынсыз жасау мүмкін емес. Алайда елімізде бұл салада мамандардың жетіспеушілігі қатты сезіледі. Қазақстанда 360 анестезиолог тапшы, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
«АНЕСТЕЗИОЛОГТЫҢ ЕҢБЕГІ КӨЛЕҢКЕДЕ ҚАЛАДЫ»
Анестезиолог – еңбегі көзге көрінбей көбіне көлеңкеде қалып жататын маман. Шын мәнінде, әрбір отаның сәтті өтуі тікелей осы дәрігерлерге байланысты. Ғалымжан Уптияртов – Солтүстік Қазақстан облыстық кардиологиялық орталықтың анестезиолог дәрігері. Ақ халатты абзал жан жұмыс уақытында бір мезет тыным таппайды. Өйткені өзі сынды мамандар тапшы. Ал науқастар, әсіресе жүрек-қан тамыр жүйесінде ақауы бар емделушілер күте алмайды. Кей жағдайда олар үшін әрбір минут маңызды. Сондықтан біздің кейіпкеріміз күніне орта есеппен 7-8 отаға қатысады.
«Жалпы, анестезиологтар тек Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде тапшы. Себебі бұл мамандықтың жұмыс ауқымы көп, өте ауыр және жауапкершілігі үлкен. Сондықтан көбі оны таңдай бермейді. Сондықтан да сол жетіспеушіліктің салдарын біз сезінеміз Дегенмен болашақта бүл мәселе өз шешімін табады деп үміттенемін. Біздің негізгі міндетіміз – науқасқа ота жасалар алдында, ота жасалып жатқан уақытта жансыздандыру жасау. Хирург, акушер-гинеколог, біз сөзбен айтқанда өзімізбен бірге жұмыс істеп жатқан дәрігерге өз міндетін орындау үшін қолайлы жағдай жасаймыз. Науқастың жағдайын үздіксіз бақылап отырамыз», - дейді дәрігер.
Ғалымжан Әлімханұлы Түркістан қаласындағы Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің түлегі. 2010 жылы жоғары оқу орнын тәмәмдап, қолына диплом алғаннан кейін жолдамамен Қызылжар өңіріне келеді. Петропавл қалалық 3-ші емханаға учаскелік дәрігер қызметіне қабылданады. 2015 жылдан облыс орталығындағы кардиологиялық орталықта еңбек етіп жүр. 5 жыл бұрын қайта даярлау курстарында анестезиолог мамандығының қыр-сырын меңгеріпті. Содан бері күн сайын дертіне дауа іздеп келген науқастардың сырқатына шипа дарытып, ажалдан арашалап жүр.
НАРКОЗДЫҢ АДАМ ӨМІРІН ҚЫСҚАРТАТЫНЫ РАС ПА?
Әлемде адам денесін немесе белгілі бір мүшесін жансыздандырып, ауруды сезбеуіне жағдай жасайтын наркоз пайда болғанға дейін миллиондаған науқас ауырсыну шегінің шамадан тыс көтерілуінің әсерінен көз жұмған. Сондықтан анестезияның пайда болуы медицина ғылымы үшін ұлы жаңалықтардың біріне айналды. Бүгінгі күні медицинада ауырсынуды басудың тәсілдері сан алуан. Сондай-ақ оның зияны туралы халық арасында кездесетін әңгімелер де көп. Ғалымжан Әлімханұлы олардың негізсіз екенін айтады.
«Науқастар «Наркоз адам өмірін 5 жылға қысқартатыны рас па? » деп жиі сұрайды. Әрине, адамның өз денсаулығы үшін алаңдайтыны заңды құбылыс. Дегенмен осы сауалды естіген сайын еріксіз езу тартамын. Себебі бұл жай ғана қаңқу сөз. Ол ғылыми тұрғыдан дәлелденбеген, ешқандай негізі жоқ әңгіме. Сондықтан ол шындыққа жанаспайды. Анестезия – жай ғана қоя салатын екпе емес. Жансыздандыру жасағанда препарат мөлшерін адам салмағына қарай есептеп егеміз. Науқасты ұйықтатамыз. Ота жасалып жатқан кезде ол ауруды сезбейді. Ол оянған соң қал-жағдайын сұрап, ота жасалған жердің ауырсынуы туралы білеміз», - дейді маман.
ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, анестезиолог мамандардың тапшылығы әсіресе өңірлерде байқалады. Әсіресе аудандық ауруханаларда анестезиологтар мен реаниматологтар өте аз. Оның бір себебі жоғары оқу орындарын тәмамдаған жас ауылдық елді мекендерге барғысы келмейтін көрінеді. Сонымен қатар, статиистикаға сәйкес аталған санаттағы мамандар жұмысты жиі ауыстырады екен. Мамандардың айтуынша оның басты себебі - жалақысы төмен болуы және емдеу мекемелерінің тиісті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету жағының әлсіздігі. Бүгінде кейбір аудандық ауруханаларда анестезиолог мүлдем жоқ.
Маман өз біліктілігі мен жауапкершілігінің арқасында әріптестерінің ортасында беделге ие. Ұжымда Ғалымжан Әлімханұлы жайында тек жақсы пікір қалыптасқан. Ал ақ халатты абзал жан үшін өзгелерден мақтау сөз есту маңызды емес. Дәрігер үшін ең бастысы, науқастардың есендігі мен денсаулығы.
Эльмира Мәмбетқызы, СҚО