Колледж мұғалімдері біліктілік санаты үшін қосымша ақы алады – Білім министрі
Бұған дейін қосымша ақыны тек мектеп мұғалімдері алып келген

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов техникалық және кәсіптік білім берудің 80 жылдығына арналған іс-шара барысында биылдан бастап колледж оқытушылары біліктілігін көтеріп, біліктілік санаты берілгеннен кейін лауазымдық жалақысының 30-дан 50 пайызына дейін қосымша ақы алатынын мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, бұған дейін біліктілік санаттары үшін қосымша төлем тек мектеп мұғалімдеріне берілген. Жақында қабылданған «Педагог мәртебесі туралы» заңға сәйкес, енді колледж педагогтері де біліктілік санаты берілгеннен кейін ай сайын қосымша ақы алады.
«2020 жылдың қаңтар айынан бастап колледж педагогтерінің жалақысы артты, алдағы жылдары да арта түспек. Біліктілік санаты үшін педагогтерге қосымша ақы төлеу мәселесі көп жылдар бойы көтерілген болатын. Егер мектептерде мұғалімдер біліктілік санаттары үшін қосымша ақы алса, колледждерде мұндай үрдіс болған жоқ. Енді колледж педагогтері де ай сайын лауазымдық жалақысының 30-дан 50 пайызына дейін қосымша ақы алатын болады. Өз кезегінде колледж директорлары мен директор орынбасарларының атқарған жұмысының тиімділігіне байланысты өз жалақысының 100 пайызына дейін қосымша ақы алу мүмкіндігі бар. Бұл әріптестеріміздің жұмысқа деген ынта-жігері мен жұмыстың тиімділігін арттыра түспек», - деп атап өтті министр.
Сондай-ақ министр мамандарды даярлау барысында еңбек нарығы мен жұмыс берушілердің сұраныстарын ескеру үшін колледждерге академиялық еркіндік берілетінін айтты.
«Ақша студентпен бірге жүреді» принципі бойынша қабылдау тетігін енгізу колледждің бәсекеге қабілеттілігін және колледждер арасындағы бәсекелестікті арттыруға мүмкіндік береді. Егер қазір өңірлік білім басқармалары конкурс өткізіп, мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша колледждерге қанша орын берілетінін анықтаса, болашақта бұл шешімді студенттердің өздері қабылдайтын болады. Студенттер қай колледждің бәсекеге қабілетті және жақсы білім беретінін өздері таңдайды», – деді Білім және ғылым министрі.