$ 518.31  567.96  6.03
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
08.10.2020, 16:04
Жаңалықтар

Билет құны 1,5 млн теңге: Ресейде оқитын қазақстандық студенттер сабағына бара алмай отыр

Петерборда оқитын студенттердің ата-анасы Үкіметтен көмек сұрайды

Билет құны 1,5 млн теңге: Ресейде оқитын қазақстандық студенттер сабағына бара алмай отыр
Фото: "Эйр Астана" баспасөз қызметі

Санкт-Петербор қаласындағы медициналық университетте оқитын алматылық студенттер әуе билетінің құны 1,5 млн теңгеге дейін қымбаттап кетуіне байланысты сабағына бара алмай отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Алматы облысы Ұзынағаш қаласының тұрғыны Сара Рахымбаева Ресейде оқитын қос бірдей баласына 1,5 миллион теңгеден әуе билетін алуға қаражаты жетпейтінін айтты. Карантинде «Студенттерге деген жеңілдік қайда?» деген ашулы Үкіметтен көмек сұрайды.

«Екі балам Ресейдегі И.П.Павлов атындағы Санкт-Петербор мемлекеттік медициналық университетінің аспирантурасында оқиды және жұмыс істейді. Карантинге байланысты шекара жабылып, балаларым қыркүйектен бері сабағына бара алмай отыр. Билет бағасы 1,5 миллионға дейін жеткен. Нұр-Сұлтаннан Мәскеуге сәрсенбі күндері бір ғана рейс ұшады. Осындай қиындыққа тап болып отырмыз. Елшілікке хабарласып едік, олар ештеңе шеше алмайтынын айтты. Бізден басқа қанша мың адам мына тұрған Мәскеуге жете алмай отыр. Неге Үкімет карантин кезінде шетелде оқитын студенттерге жеңілдік жасамайды. Пандемияда өзге елге байдың балалары, қалталылар ғана ұшуы керек пе? Біз сияқты қарапайым отбасының балалары оқуына қалай барады?», - деді Сара Дастеновна.

«Бар үмітіміз Үкіметте» деген ана балалары оқу бағдарламасынан қалып қоя ма деп алаңдайды.

«Жазғы демалысқа келген балаларым жаңа оқу маусымына бара алмай отыр. Оқу бағдарламасынан да қалып қоятын болды. Медицина саласы мамандарының сабағы қиын екенін білесіз. Билет құнын сонша көтеруге не себеп болып отырғанын түсінбедім... Бәлкім, сіздер арқылы қандай да бір көмек болып қалар деп үміттеніп, редакцияларыңызға хабарласып отырмын», - деді Сара Рахимбаева.

Аталған мәселе бойынша Azattyq Rýhy тілшісі Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне ақпараттық сауал жолдады.

Айта кетейік, Ресей мен Қазақстан арасында әуе қатынасы қыркүйектің 27-і күні ашылды.

Айжан Қалиева, Нұр-Сұлтан

Серіктес жаңалықтары