Ақтауда бір аптадан бері хабарсыз кеткен 38 жастағы ер адам іздестіріліп жатыр
Көршілер бір апта бойы оны көрмеген, пәтерінің терезелері айқара ашық тұрған
38 жастағы Андрей Сотниченконың жоғалғаны туралы хабар әлеуметтік желілерде тарады. Таныстарының айтуынша, ер адам 12-шағын ауданда жалғыз тұрады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Lada.kz сайтының мәліметінше, көршілері оны бір апта бойы көрмегенін, сондай-ақ пәтерінің терезелері екі жағынан да айқара ашық тұрғанын айтып, алаңдаушылық білдірген.
Осыған байланысты құтқарушылар мен полиция қызметкерлері шақырылды. Пәтер есігі ашылғанымен, үй иесі ішінен табылмаған.
«Әдетте оның дүкенге барып жүргенін, үйіне адамдар келіп-кетіп жататынын көретінбіз. Ал бұл жолы бір аптадан астам уақыт үнсіздік орнады, терезелері екі жақтан ашық тұр. Бес-он минутқа шығып, пәтерін желдетуге қалдырғандай әсер қалдырады. Мұнда оның туыстары жоқ, әпкесі Астраханьда тұрады, ол да алаңдап отыр», – деді таныстарының бірі.
Жоғалған ер адамның шашы ашық түсті, бойы шамамен 170 см.
Оның қайда екені туралы қандай да бір ақпарат білетін азаматтар +7 705 144 2541 (Юлия) нөміріне хабарласа алады.