Астана әуежайында бомба туралы әзілдемек болған «Қайрат» командасының дәрігері ұсталды
Оқиға ұшыққа отырғызар сәтте болған
Астана әуежайында ұшаққа отырғызу алдындағы тексеру кезінде бомба бар деп қалжыңдаған ер адамды полиция ұстап әкетті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Көліктегі полиция департаментінің мәліметінше, 28 ақпанда Астана-Алматы рейсіне тіркеліп, тексеруден өтіп жатқан жолаушылардың бірі тыйым салынған заттар туралы сұраққа жауап берген кезде қалжыңдап, өзінде бомба бар екенін айтқан.
«Ұсақ бұзақылық фактісі бойынша көліктегі полиция қызметкерлері әкімшілік хаттама толтырды. Материал процессуалдық шешім қабылдау үшін сотқа жолданады», – делінген хабарламада.
Тексеру барысында ер адамның қол жүгінен және жеке заттарынан тыйым салынған ешқандай бұйым табылған жоқ.
Белгілі болғандай, орынсыз қалжың айтқан жолаушы – «Қайрат» футбол клубының дәрігері Дастан Тұралиев. Оқиға команда Қазақстан Суперкубогы аясында «Тобыл» командасына қарсы өткен матчтан кейін Астанадан Алматыға ұшып бара жатқан сәтте болған.