«Аспанда зымырандардың атылғанын өз көзімен көрді»: Инна Рей Дохадағы ахуал жайлы айтып берді
Турпакеті бар туристер үнемі бақылауда
«Туристік Қамқор» қорының басшысы Инна Рей қазір Қатардың Доха қаласында туристер қандай жағдайды бастан кешіріп жатқанын айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Қазіргі таңда біз туристерді екі санатқа бөліп қарастырамыз: туристік компаниялар арқылы рәсімделген, яғни ұйымдастырылған туристер және сапарын өз бетінше ұйымдастырған азаматтар. Біз қазір тек ұйымдастырылған туристер туралы айтып отырмыз. Турпакет арқылы келген туристердің ерекшелігі олардың барлығында туркод бар. Бұл код туроператордың көрсетілетін қызмет үшін жауапкершілігін білдіреді. Яғни олар туристік кепілдік жүйесінің қорғауында болады. Қазір негізгі күрделі жағдай Біріккен Араб Әмірліктерінде. Онда туристер саны көп әрі жалпы ахуал Қатармен салыстырғанда күрделірек», - деді Инна Рей.
Ол атағандай, ұшуға тыйым салу туралы жарияланғаннан кейін біздің әуе компаниялары рейстерін аяқтамай, кері бұрылып, Қазақстанға қайтты.
«Ел ішінде қалған жолаушылар әуе компаниялары тарапынан бір тәулікке орналастырылды. IATA ережелеріне сәйкес, егер әуе компаниясы қызмет көрсете алмаса, жолаушыларды белгілі бір уақыт аралығында қолдауы тиіс. Максималды мерзім – бір тәулік. Одан кейін туристерді орналастырумен «Туристік Қамқор» қоры мен туроператорлар айналысып жатыр. Қор қаражаты туркод жүйесі арқылы жинақталған. Сол қаражат есебінен туристер белгіленген бюджет аясында қонақ үйлерге орналастырылып, тамақтандырумен қамтамасыз етілуде.
Инна Рей қазір Қатардың Доха қаласында қандай жағдай болып жатқанын айтып берді.
«Бүгін таңертең сирена қосылды. Барлығына ғимараттарға жақындамау, терезелерден алыс болу, терезелерді жауып, перделерді жабу туралы ескерту жасалды. Қонақ үйлердің қызметі туристердің жағдайын тұрақты бақылауда ұстап отыр. Қызметкерлер үнемі хабарласып, жағдай сұрап, қолдау көрсетуге тырысып жатыр. Алайда адамдардың көңіл күйі алаңдаулы. Бір жағынан, демалыс жоспарларының бұзылуы әсер етсе, екінші жағынан, Қатар бағытына бағытталған зымырандардың әуеде атып түсірілу сәттерін өз көзімізбен көру психологиялық тұрғыдан ауыр тиеді. Соған қарамастан, маңыздысы қазақстандық туристер қолдауға ие. Олар мемлекетіміздің кепілдік беру жүйесінің бақылауында және туроператорлардың тұрақты қолдауын алып отыр», – деді ол.
Инна Рей атағандай, қазақстандық туристердің ішінен ешкім медициналық не психологиялық ауыр ахуалмен медициналық көмекке жүгінбеген. Жағдай тұрақты.