Бауыржан Байбек Қапшағай қаласы тұрғындарының өтінішін тыңдады
Б. Байбек Қапшағай қаласы бойынша «Nur Otan» праймеризіне қатысушылармен кездесті
«Nur Otan» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек Алматы облысына сапары барысында Қапшағай қаласындағы «Green Land Alatau» ЖШС жылыжай кешені қызметкерлерімен кездесті. Бұл – өңірдегі ең ірі және технологиялық жабдықталған өндірістердің бірі. Онда 10 мың тоннаға дейін қызанақ, қияр және салат өнімі өсіріледі.
«Өңірде ауыл шаруашылығын қолдау мен дамыту мәселелерін талқыладық. Мемлекет басшысы жолдауында ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуге ерекше мән беруді тапсырған болатын. Сондықтан «Nur Otan» партиясы өңірлік сайлауалды бағдарламасында мал және өсімдік шаруашылықтарына, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуде жаңа технологияларды енгізуді басты міндеттердің бірі ретінде қойды. АӨК саласында 10 мыңнан аса жұмыс орындарын құру жоспарлануда», - деп жазды ол.
Б. Байбек кездесу барысында кәсіпорын қызметкерлерінің өтінішін тыңдады. Мәселен, Әсел Жұмаділова Іле ауданының елдімекендерін интернетке қосуды, ал Ақмарал Илимханова партиядан жергілікті кәріз желілері мен жолдарға жөндеу жүргізу жайын шешуді сұрады.
Сондай-ақ Б. Байбек Қапшағай қаласы бойынша «Nur Otan» праймеризіне қатысушылармен кездесті. Кездесуде жергілікті тұрғындарды толғандырған мәселелер талқыланды.
«Елбасы, партия Лидері Н.Ә. Назарбаевтың тапсырмасымен «Nur Otan» әрбір өңір, қала, аудан бойынша 216 сайлауалды бағдарлама жобаларын жариялады. Қапшағай қаласында таяудағы 5 жылда ауыл шаруашылығы саласында жаңа өндірістер құру, көлік, әлеуметтік және тұрғын үй инфрақұрылымын жақсарту жоспарлануда. Сонымен қатар жобаның кейбір олқы тұстарына да назар аудардым. Атап айтқанда, жалпылама тұжырымдау, нақты индикаторлардың жеткіліксіздігі, көрсеткіштердің төмендетілуі және т.б. Мәселен, электронды форматта ұсынылатын мемлекеттік қызметтің үлесін тек 75%-ға дейін ғана жеткізу жоспарланған», - деді партия Төрағасының бірінші орынбасары.
Талқылау барысында праймериз қатысушылары әлеуметтік инфрақұрылым, білім беру нысандарын салу, газдандыру және тұрғын үй коммуналдық шаруашылығын жаңғырту, қалалықтарды үздіксіз сумен қамту секілді басқа да өзекті мәселелерді көтерді.
Бауыржан Байбек филиалға барлық ұсынысты мұқият қарап, ескеруді тапсырды. Оның ішінде жастарға жұмыс орындарын құру, ШОБ-қа қолдау көрсету бойынша қосымша шараларды қолға алу жүктелді. Бағдарламаның түпкілікті нұсқасы қала тұрғындарымен талқыланғаннан кейін қабылданады.