Елордада тағы бір Арбат салынады
Жаңа Арбаттың қай жерден салынатыны анықталды
Қалада тағы бір Арбат салынатыны жайлы ақпаратты Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов Instagram желісінде жазды.
«Елордада тағы бір Арбат салынады. Жаяу жүргіншілер променады құрылысы бойынша жұмыс жүргізіп жатырмыз. Жаңа қоғамдық кеңістік Республика даңғылынан Қ.Қуанышбаев атындағы Қаздрамтеатрге дейін Омаров көшесінің бойында орналасады. Жаяу жүргіншілер променады екі театр арасындағы аумақты байланыстырады. Республика даңғылы жағындағы фонтанды қайта құру жұмысын жүргіземіз. Ол жылғаға қарай ағады. Ал сол жылға бойында балаларға арналған сумен ойнайтын элементтер орнатамыз», - деп жазды ол.
Арбат аумағында қала тұрғындары мен елорда қонақтарының көңілінен шыққан аспалы әткеншек орнатылады. Балалар үшін жеке спорт және ойын алаңдары, тыныш аумақтар, коворкинг-орталық сынды тегін семинарлар мен тіл сабақтарын өткізуге арналған жеке зоналар жасалады.
Әкімнің айтуынша, көпірасты кеңістігі аумағында (Сарайшық даңғылы) балаларға арналған экоалаң мен аспалы саябақ салынады. Бейбітшілік көшесінен Республика даңғылына дейін веложол болады.