Құс тұмауы: Ақмола облысында тағы 6 ауданда карантин жарияланады
Ақмола облысында 11 ауданда құс өлімі тіркелді
Ақмола облысында құс тұмауынан 6 ауданда карантин жарияланады. Қазір аймақта бір мыңнан аса құс қырылып қалған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі «Хабар 24» телеарнасына сілтеме жасап.
Ветеринар мамандар жұқпалы ауруды одан әрі таратпау үшін жаппай егу жұмысын жүргізіп жатыр. Өңірде 8 ауылда құс тұмауы анықталды. Бұл елдімекендерде карантин жарияланып, құс өнімдерін сатуға тыйым салынды.
«Бізде 6 ауданда тіркеліп отырса, тағы 5 ауданда құстың өлімі тіркелді. Қазіргі уақытта Ақмола облысында 11 ауданда құстың өлімі тіркеліп отыр. Әлбетте, бұл тіркелген аудандардағы құстың өлімі, паталогиялық материалдары зертханаға жіберілді», - дейді облыстық ветеринария басқармасы басшысының орынбасары Талғат Жүнісов.
Құс тұмауын таратпау үшін 510 мың вакцина мөлшері келіп түсті. Екпе егу жұмысы 10 күнде аяқталады дейді мамандар. Ауру шыққан ауылдарда вакцина салынбайды. Бұл елдімекендерге Нұр-Сұлтан қаласынан арнайы топ келіп, ең алдымен зарарсыздандыру жұмыстарын жүргізеді, содан кейін тірі қалған құстарды да өртеп жібереді.