«Кінәсіз екенімді дәлелдеймін». Қамауға алынған Атырау облысы әкімінің орынбасары үндеу жасады
Нұрлан Таубаев облыс тұрғындарын алып-қашпа әңгімеге сенбеуге шақырды
Жақында пара алды деген күдікпен ұсталған Атырау облысы әкімінің орынбасары Нұрлан Таубаев адвокаты Игорь Вранчев арқылы облыс тұрғындарына үндеу жасап, қазіргі жағдайына байланысты алып-қашпа әңгімеге сенбеуге шақырды.
«10 қыркүйекте сағат 15:00-де үйіме Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметкерлері келіп, әңгімелесу үшін бірге жүруімді өтінді. Діттеген жерге барғанда, агенттік қызметкерлері менің ұсталғанымды айтты. Бірақ не үшін ұсталғаныма байланысты жауап ала алмадым. Арада бір сағат өткенде адвокатымды шақыруға рұқсат етті.
Олардың кабинетінде отырғанымда (сағат 15:00-ден 20:30-ға дейін) 2 тергеуші алмасты. Бірақ ешқайсы менің не үшін ұсталғаныма жауап берген жоқ. Сондай-ақ Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің аға басшылығы бірнеше рет «бәрін өзім айтып беруімді» өтініп, табандап тұрып алды. Әңгіме осындай реңкте сағат 20:30-ға дейін жалғасып, олар ештеңені түсіндірместен мені уақытша қамау изоляторына апару туралы шешім қабылдады», - дейді ол.
Таубаевтың айтуынша, оны ертесіне түс уақытында тағы да Антикор ғимаратына әкеліп, сонда тергеушінің «пара алуға оқталу түріндегі қылмыс жасау туралы» қаулысымен таныстырған.
«Әрине, тергеуші адвокатымның пара алуға қашан оқталғаным және қанша көлемдегі қаржы алмақ болғаным жайлы сұрағына жауап берген жоқ. Сосын мені уақытша қамау изоляторына қайта жіберді. 12 қыркүйекте таңертең мені тағы да Антикор ғимаратына әкелді, бірақ ұсталғаныма қатысты ешбір жаңалық айтпады», - дейді Нұрлан Таубаев.
Пара алды деген күдікке ілінген шенеунік 15 қыркүйек күні де не үшін ұсталғаны, кімнен, қашан пара алмақ болғаны жайлы ештеңе білмеген. Нұрлан Таубаев адвокаты арқылы жолдаған үндеуінде 2000-шы жылдардан бастап жетекші қызметте келе жатқанын, сол жылдардан бері қала халқының игілігі үшін қыруар жұмыс атқарғанын тізіп айтып берді. Тіпті, біліктілігінің арқасында оны сол кездегі Атырау басшысы болған Нұрлан Ноғаев өзіне орынбасары етіп шақырғанын айтады.
«Өкінішке қарай, уақыт өте келе Ноғаевпен ойымыз бір жерден шықпады. Мен онымен негізгі позициялар бойынша келіспедім. Бұл туралы алдағы жазбамда айтамын. Ноғаевпен көзқарасымыздың сәйкеспеуінен 2019 жылы отставкаға өтініш бердім. Ал 2020 жылдың мамырында мен Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары қызметіне шақырту алдым», - деп жазды ол.
Одан бөлек, Нұрлан Таубаев пандемия кезінде кадр, медициналық құрылғы алу мәселесінде шұғыл шешім қабылдауға мәжбүр болғанын айтты. Сондай-ақ үндеуінің соңында мұндай арандатудың артында кім тұрғанын анықтап, кінәсіз екенін дәлелдеу үшін қолынан келгеннің бәрін жасайтынын айтты.
«Екіншіден, мұны ұйымдастырған адамдар лайықты жазасын алу үшін барымды саламын. Қажет болса, Президентке дейін шығамын», - деп түйіндеді сөзін.
Суретте: Нұрлан Таубаев Атырау облысы құрылыс басқармасының жаңа бастығы ретінде Тимур Басаровты таныстырып тұр
Еске салайық, 10 қыркүйекте 182 миллион теңге көлемінде пара алды деген күдікпен Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Таубаев пен облыстық құрылыс басқармасының бастығы Тимур Басаров ұсталғаны хабарланды. Оларды ел астанасынан Атырауға арнайы келген ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің бір топ қызметкерлері ұстаған.