ШұғылҮржар ауданында күдікті полиция бөлімінде қайтыс болды

Нұр-Сұлтанда Жақсылық Үшкемпіров пен Денис Теннің муралы салынады

Қала әкімдігі бейнелерді салуға локация қарастырып жатыр

Фото: Нұрдаулет Әбікеев

Елордамыз Нұр-Сұлтан қаласында соңғы жылдары көпірасты арт кеңістіктер, арт стиліндегі саябақтар көптеп салынып жатыр. Қалалық әкімдіктің Аzattyq Rýhy тілшісіне берген ақпараты бойынша, алда қаламызда спортшы Жақсылық Үшкемпіров пен Денис Теннің арт портреті салынады.

«Қазіргі уақытта Нұр-Сұлтанда Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің астындағы көпір және Сарайшық көшесі бойынша «Арқар» көпірі астындағы кеңістік жүзеге асырылуда. Келесі жылы Республика алаңында  қоғамдық кеңістік, Омаров көшесі бойында да салынады. Келешекте Олимпиада чемпиондары Ж. Үшкемпіровтің және Д. Теннің бейнелерін салу жобаланған. Локация қарастырылуда. Келешекте Сарыарқа ауданында шығармашылық кластері үшін стрейт-арт кеңістік құру бойынша талдау жүргізілуде», - деді Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі. 

Күні кеше ғана Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ маңындағы үш мың шаршы метрге жуық жаңа көпір алаңы абаттандырылды. Бұған дейін елордалықтар аумағы 45 гектарды құрайтын Астана триатлон саябағында спортпен айналысып, таза ауада серуендейтін еді.

Стрейт-арт туындыларын салатын суретшілердің еңбек ақысы әр ауданның әкімдіктерімен өзара  келісіліп жасалады. Өнер туындыларын Қазақстанның әр қалаларынан келген дарынды суретшілер салған. «Арқар» көпірінің астындағы кеңістік Триатлон және Президент саябақтарын біріктірді.

Астана триатлон саябағының жалпы ұзындығы 8 километрді құрайды. Онда келушілердің жайлылығы үшін велосипед, шаңғы сынды спорт жабдықтары жалға беріледі.

Қала әкімдігінің ақпаратына сәйкес, елордадағы «Арқар» көпірінің астындағы аумақта демалыс аймақтары кеңейтіліп, олар жаңа граффитимен толықтырылған. Спорттың белсенді түріне арналған аймақ Геннадий Головкин бейнеленген муралмен безендірілген. Ол көше фитнесі жабдықтарымен, workout алаңымен, гантельдермен, штангалармен және т.б. жабдықталады.

Айта кететіні, осы жылы барлығы 50 қоғамдық орын (саябақтар, алаңдар, бульварлар) және 150-ге жуық аула абаттандырылады. Аулалар мен қоғамдық орындар «Нұр-Сұлтан – тұрғындарға жайлы қала» атты елорданы одан әрі дамыту жоспарының тұжырымдамасы аясында абаттандырылуда.

Айжан Қалиева, Нұр-Сұлтан