Нұр-Сұлтанда түрік фильмдерінің апталығы өтеді
Түрік фильмдері аптасы аясында елордалықтарға сегіз түрік кинотуындысы тегін көрсетіледі
Юнус Эмре атындағы түрік мәдениет орталығы Түркия Республикасы Мәдениет және туризм министрлігі Кинематография басқармасының қолдауымен 18-25 қараша аралығында елордада түрік фильмдерінің апталығын өткізеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Аталған шараның мақсаты түрік елінің үздік кино туындыларын бауырлас елдің көрерменіне ұсына отырып, екі ел арасындағы мәдени байланыстың дамуына үлес қосу болып табылады. Екі бауырлас елді бір–біріне жалғап отырған көпір іспеттес түрік кино өнімдері қазіргі күні әлемде өте танымал. Қазақ көрермендері түрік сериалдары мен кинофильмдеріне үлкен ықылас танытуда», делінген баспасөз хабарламасында.
Түрік фильмдері аптасы аясында елордалықтарға сегіз түрік кинотуындысы тегін көрсетіледі. Олардың арасында «Ұзын хикая», «Көбелектің түсі», «Ұмытсам сыбырла», «Ертұғырыл 1890», «Бастық істің сәтті аяқталғанын қалайды», «Сиқыршы», «Қызыл орамалды шынарым» сияқты фильмдер бар.
Қазіргі күні мәдениет пен өнер ордасына айналып үлгірген Нұр-Сұлтан қаласы тұрғындары мен қонақтары түрік фильмдері аптасында Юнус Эмре түрік мәдениет орталығы тарапынан көрсетілетін фильмдердің барлығын ақысыз тамашалай алады. Шара 18-25 қараша аралығында «Керуен» ойын-сауық орталығындағы «Кинопарк 7» кинотеатрында өтеді.