Түркістандағы ең қымбат қонақүй неден өртенді?
Өрттің себебі туралы Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі ақпарат берді
10 қыркүйекте Түркістан қаласындағы «Royal Grand» қонақүйінде болған өрт салдарынан 11 адам зардап шеккен. 6 өрт сөндіру қызметкері медициналық көмекке жүгініп, 3 полиция қызметкері мен 2 қала тұрғынына медициналық жәрдем көрсетілген. Орталық қалалық ауруханаға зардап шеккен 5 адам жеткізілді. Олардың төртеуі әзірге ем алып жатыр, ал бірі үйіне оралды. Жарақат бекетіне 3 адам тасымалданды.
Полицейлер мен ТЖҚ қызметкерлері оқиға орнында жұмыстарын жалғастырып жатыр. Қазіргі таңда Түркістан облысының полицейлері болған оқиғаның толық мән-жайын анықтау үстінде. Сараптамаларды тағайындалды. «Ең бастысы, адам шығыны жоқ. Өрттің болуына газ цистернасының жарылуы себеп болған» дейді облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департамент басшысы Нұрғали Жүнісов.
Алдын ала берілген мәліметтерге сүйенсек, өрт 3 тонналық газ цистернасын толтыру кезінде шыққан. Өрттің көлемі 1,4 мың шаршы метрді қамтыған. Өрт туралы ақпарат 10 қыркүйекте сағат 18:05- да түскен.