$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
11.09.2019, 15:06
Жаңалықтар

Қытай-қазақ сауда айналымы былтыр $12 миллиардқа жетті

Мемлекет басшысы Қазақстан-Қытай іскерлік кеңесінің 6-шы отырысына қатысып, іс-шара қорытындысы бойынша Қазақстан тарапының өкілдері қытайлық бизнесмендермен бірқатар коммерциялық келісімдерге қол қойды.

Қытай-қазақ сауда айналымы былтыр $12 миллиардқа жетті
Фото: akorda.kz

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайға ресми сапары аясында Қазақстан-Қытай іскерлік кеңесінің 6-шы отырысына қатысты. ҚР Президенті екі ел арасындағы іскерлік және инвестициялық әріптестік туралы айтып өтті. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлайды.

«Қытай – Қазақстанның сыртқы сауда және экономика саласындағы аса ірі серіктестерінің бірі. Мұның айқын дәлелі – екі ел арасындағы сауда айналымы былтыр 11,4% артып, 12 миллиард долларға жетті. Тәуелсіздік жылдары Қытай Қазақстанға 20 миллиард долларға жуық инвестиция салды. Біз бүгінгі іскерлік кеңестің 6-отырысын екі ел арасындағы іскерлік және инвестициялық әріптестіктің зор әлеуетін одан әрі кеңейтуге мүмкіндік беретін маңызды шара деп есептейміз», - деді Қ.Тоқаев.

Сондай ақ, Мемлекет басшысы Қазақстандағы инвестициялық ахуал туралы сөз қозғады.

«Дүниежүзілік банктің «Doing Business» рейтингі бойынша Қазақстан әлемдегі 190 мемлекеттің ішінде 28-ші болып, алғашқы отыздыққа кірді. Тәуелсіздік жылдары ішінде еліміздің экономикасына 300 миллиард доллардан астам тікелей шетелдік инвестиция тартылды. Бұл көрсеткіш бойынша Қазақстан Орталық Азия өңірінде көш бастап тұр», – деді Президент.

Қазақстанның Азия мен Еуропа арасындағы көлік дәлізін құруға және дамытуға зор мүмкіндіктер жасап отырғаны да сөз болды.

«Қазақстан арқылы Қытай және Азияның басқа да елдерін Еуропамен, сондай-ақ Таяу Шығыспен байланыстыратын 5 темір жол және 6 халықаралық автокөлік жолы өтеді. Бұл Қазақстан арқылы Қытайдан Еуропаға және кері қарай жүктерді 15 күнде жеткізуге мүмкіндік береді. Ал, теңіз жолы арқылы 2-3 есе көп уақыт жұмсалады», - деді Мемлекет басшысы.

Президент екіжақты ынтымақтастықтың келешегі зор салаларының бірі ретінде ауыл шаруашылығын атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай нарығының ауқымы үлкен екенін және еліміз үшін осы экспорт бағыты бойынша зор мүмкіндік ашылатынын айтты.

«Баршаңызға мәлім, Қазақстан жоғары сапалы бидай экспорты бойынша әлемдегі алдыңғы 10 елдің қатарына кіреді. Былтыр Қытайға экспортталған бидай көлемі 550 мың тоннаға жетті. Бидай экспортының көлемін 3,5 есеге, яғни 2 миллион тоннаға дейін ұлғайтуға болады. Қазақстан тұзын халықаралық нарықтарға экспорттау көлемі артып келеді. Біз Қытайға жылына 100 мың тоннаға дейін ас тұзын жеткізуге әзірміз. Сонымен қатар қытай нарығына сүт өнімдерін, құс етін, сиыр етін, қой етін, шошқа етін, ұн, дәнді және бұршақ, сондай-ақ майлы дақылдар жеткізуге дайынбыз. Біз экологиялық таза азық-түлік өндірісін ұлғайтып, Қытай нарығына шығаруға ниеттіміз», – деді Президент.

Іс-шара қорытындысы бойынша Қазақстан тарапының өкілдері қытайлық бизнесмендермен бірқатар коммерциялық келісімдерге қол қойды.

Серіктес жаңалықтары