Қарағанды облысында жүк көліктеріне екі күнде 4 млн теңге айыппұл салынған
Облыста көлік салмағын қашықтықтан өлшейтін бекеттер орнату ұсынылды
Қарағанды облысының жылжымалы көлік инспекциясы екі күнде 29 заңбұзушылықты анықтап, 4 миллион теңгеге айыппұл салған. Бұлардың көбі шамадан тыс көп жүк артқан, деп хабарлайды «Хабар 24».
Инспектордың планшеті салық органдарымен біріктірілген. Қазір шамадан тыс артық жүк артқан көлік кімге тиесілі екені анықталып, бизнестің ірі не шағындығына қарай 1 мың АЕК-ке дейін айыппұл салынады.
«Көлік инспекциясында штаттық қызметкерлер саны да аз, техника да жеткіліксіз. Олар бақылау жүргізген жерден бір-біріне жедел ақпарат жіберіп, жүк көліктері өтпейді де. Сондықтан көлік салмағын қашықтықтан өлшейтін бекеттер орнату керек. Біз бұл ұсынысты облыс әкіміне жеткізетін боламыз», - дейді «Сарыарқа адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің үйлестірушісі Олжас Бурханов.
Қарағанды облысындағы жолдың жалпы ұзындығы 12 мың шақырымнан асып жығылады. Ал онда жылжымалы көлікті бақылауға арналған жалғыз осындай арнайы техника бар. Сондықтан биыл бұл мақсатта 70 млн теңге қаржы бөлініп, тағы екі жабдықталған көлік сатып алу жоспары бар. Нәтижесінде бақылау ауқымы көбейіп, талапты бұзғандарға қатысты шара күшейтілмек.