Праймериз басталғалы бір апта ішінде «Nur Otan» партиясына 6 мыңға жуық адам тіркелген
Соңғы 2 айда 15 мың қазақстандық праймериздің өту шарттарына қызығушылық танытты

Бұл туралы «Nur Otan» партиясының хатшысы Марат Сембеков еліміздегі ауыл шаруашылығы өкілдерімен праймериз мүмкіндіктерін талқылауға арналған онлайн кездесуде мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
«Қазіргі таңда қазақстандықтардың праймеризге деген қызығушылығы өскенін байқап отырмыз. Соңғы 2 айда бізге шамамен, 15 мың қазақстандық праймериздің өту шарттарын түсіндіруімізді өтініп хабарласты. Праймериз басталғалы бір апта ішінде «Nur Otan» қатарына 6 мыңға жуық адам тіркелді», - деді Марат Сембеков.
Сондай-ақ, партия хатшысы ауыл шаруашылығы өкілдерін алдағы праймериз мүмкіндіктерін барынша пайдаланып, өз саласында орын алған мәселелерге қатысты ұсыныс білдіруге шақырды. Одан бөлек, «Праймеризге кімдер қатыса алады, үміткерге қойылатын шарттар қандай?» деген сұрақтарға слайд арқылы жауап берді.
«Біз сіздерден конструктивті ұсыныстар күтеміз. Партия кез келген ұсынысқа ашық. Әлеуметтік желілер арқылы азаматтардың барлығы праймериздің өту тәртібін біле бермейтінін көрдік. Сол себепті, біз қазір түрлі салалық кәсіподақ мүшелері және көшбасшыларымен кездесіп, праймериз туралы кеңірек ақпарат тарату үшін түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. Сіздерді де аталған жұмыста белсенді болуға шақырамын», - деді ол.
Онлайн форматтағы кездесудің модераторы Мәжілістің Аграрлық мәселелер комитетінің төрағасы Берік Оспанов болды. Сондай-ақ, жиынға еліміздегі жұмыртқа өндірісі қауымдастығының басшысы Владимир Божко сынды ауыл шаруашылығы саласының басшылары қатысты.
Еске салсақ, 17 тамыздан бастап Қазақстанда «Nur Otan» партиясы праймеризінің үміткерлерін ұсыну басталды. Үміткерлер өтінішін қабылдау 28 тамызға дейін созылады, 7 қыркүйек пен 3 қазан аралығында үгіт-насихат жұмыстары жүргізіледі. Одан бөлек, 14-30 қыркүйек үміткерлер сайлаушылар алдында жарыссөз өткізеді.
Электронды дауыс беру қазанның 1-3 күндері аралығында өтеді. Алыс шалғайдағы ауыл тұрғындары үшін дәстүрлі дауыс беру форматы қарастырылған. Праймериз қорытындысы 5 қазан күні белгілі болады.