$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
14.08.2020, 18:13
Жаңалықтар

Каспий теңізінің ластануын бақылайтын дербес мониторинг тобын құру ұсынылды

Баку профессоры мұндай топ құрылмайынша, теңіздің шын мәнінде қалай ластанып жатқанына шынайы баға беру мүмкін емес екенін айтты

Каспий теңізінің ластануын бақылайтын дербес мониторинг тобын құру ұсынылды
Фото: sputniknews.kz

Каспий теңізінің жағалауындағы елдер арасынан теңіздің ластану деңгейіне мониторинг жүргізетін және оған шынайы баға беретін тәуелсіз мемлекетаралық топ құру ұсынылды. Баку мемлекеттік университетінің профессоры, доктор Шыңғыс Исмаиловтың айтуынша, дәл қазір теңіздің пайдасын көріп отырған елдердің бәрі өз мүдделері үшін жыл сайынғы экологиялық есепте «теңіз бұлақтай таза деп» есеп беріп келеді.

«Жалпы, Каспий теңізінің жағасындағы елдер экологиялық жағдайды реттеп, теңізді тазалап отыру туралы декларация қабылдаған. Бірақ қазіргі экономикалық жағдайда, яғни, теңіздің жағасын көбіне мұнай қазу үшін пайдаланып отырған кәсіпорындары бар елдер экологиялық салада ынтымақтастық жақсы деп айтады. Бірақ іс жүзінде, ынтымақтастық дұрыс жүзеге асып отырған жоқ. Экологиялық ынтымақтастық шынайы түрде іске аспайынша, біз теңіз жағалауларындағы экологиялық жағдайға нақты баға бере алмаймыз», - дейді профессор.

Шыңғыс Исмаилов тек тәуелсіз мониторинг тобын құру арқылы ғана мәселе шешімін табуы мүмкін екенін айтты.

«Мемлекетаралық мониторинг тобын құру керек. Ол топ теңізді пайдаланатын әрбір елдің суды қалай ластап жатқанын жиі хабарлап отыруы тиіс. Мұнай құбырларының жарылуы сияқты ірі экологиялық апаттарды қоспағанның өзінде, проблема көп. Сондай-ақ теңізді үнемі ара-тұра болатын апаттардан өзге жағдайлармен ластап отырған елдер бар. Әрине, әрбір ел теңіз жағасы таза деп есеп беруге тырысады. Бірақ, шын мәнінде, теңіздегі экологиялық жағдай өте нашар», - деген ол Иран мемлекетін мысалға келтірді.

Профессор Иранның теңіз жағалауында әскери база салмаймыз деген келісімді бұзғанын айтты. 

«Мәселен, теңіздің жағасында отырған елдердің бірі - Иран. Мен теңіздің Иран жақ жағалауына өте көп бардым. Тоқсаныншы жылдардағы Иран жағалауын қазіргі жағдаймен салыстыру мүмкін емес. Қазір Каспий теңізінің Иран жақ жағалауын ең лас аумақ деп айтуға болады. Өйткені, теңіздің дәл жағасына ағаш өңдейтін химиялық зауыт салған. Ол зауыттан зиянды қалдықтар көп шығады. Бұл аз десеңіз, Иран КСРО кезінде жағалауда әскери база салмаймыз деген келісімге келіп, қол қойған. Қазір ол келісім жоқ, тиісінше, қазір теңіздің Иран жағында төрт әскери база бар. Сондықтан, біз тәуелсіз мемлекетаралық мониторинг тобын құрмайынша, теңізге келетін зардапты дұрыс бағаламайынша, Каспий теңізі ластана береді. Теңіз жәндіктері де жоғала бермек. Шіркін, кезінде Каспий теңізінің ең мөлдір суы бар жағалауы Иран жақ беті еді», - деп пікір қорытты профессор.

Кенжекей Тоқтамұрат, Нұр-Сұлтан

Серіктес жаңалықтары