Тихановская Беларусьтегі қала басшыларын Лукашенкоға қарсы митингке шығуға шақырды
Оппозиция көшбасшысы қазір Литвадан пана тапқан
Беларусь президенттігіне кандидат болған Светлана Тихановская халыққа жаңа видеоүндей жазды. Сөзінің басында ол ел тұрғындарының «ескі билікті» қолдамайтынын білдіріп, өз таңдауларын лайықты жасай алғанын атап өткен. Өзіне дауыс беріп, арқасынан сүйеген азаматтарға алғыс айтқан.
«Мен маған және өзгеріс үшін дауыс берген азаматтардың әрбіріне рақмет айтамын. Біз – өзгерісті қалаушылар – көппіз. Оған құжат жүзінде дәлел, яғни протоколдардың көшірмесі бар. Комиссия есептегенде, мені қолдағандар 60-тан 70%-ға дейін жетті. Ал Новый Боровойда – 90%. Беларусьтар қазіргі билікпен енді бірге өмір сүргісі келмейді. Оған көбі сенбейді», - деді ол үндеуінде.
Сонымен қатар, Тихановская азаматтардың көшедегі бейбіт жиналыстарын қанды қырғынға айналдырып жіберген билік пен күштік құрылымдарды қатаң сынға алды.
«Жағдай қиын. Елімізде соңғы күндері болып жатқан жағдайларға қарау ауыр. Мен үшін, өзгерісті қалайтын әр азамат үшін адам өмірі ең қымбат дүние. Біз көшедегі зорлық-зомбылықты тоқтатуымыз керек», - деді кандидат.
Осылайша, Тихановская билікті диалогқа, келісімге келуге шақырып, қала басшыларын Лукашенкоға қарсы тұруға үндеді.
«Мен елдегі барлық қала мэрлерін 15 тамызда әр қалада бейбіт жиналыс ұйымдастырып, өздері соның бастамашысы болуын өтінемін», - деп түйіндеді ол сөзін.
Еске салайық, Тихановскаяның бірнеше күн бұрын Литваға кетіп қалғаны белгілі болған. Ал Беларусь қалаларындағы митинг ұйымдастыруға әрекеттенушілер әлі көп. Ондаған зауыт пен өнеркәсіп орындарының жұмысшылары жұмысқа бармай, ереуілге шығып жатыр. Көшелерде қол ұстасып тізбек құрып, бейбіт қарсылық көрсетушілер де жеткілікті.
Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан