Астанадағы LRT станциясында су беру 48 сағатқа тоқтатылады
30 қараша күні сағат 10:00-ден бастап «Сығанақ» станциясына су беру уақытша тоқтатылады
Астанадағы Tarlan Astana жеңіл рельсті көлік жүйесінің «Сығанақ» станциясына су беру уақытша тоқтатылады. Шектеу 30 қарашада басталып, екі тәулікке созылады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Алдағы жұмыстар туралы қалалық iKomek109 байланыс орталығы ескерту жасады. Мәліметке сәйкес, су беру 30 қараша күні сағат 10:00-де тоқтатылып, 2 желтоқсан күні сағат 10:00-де қайта қосылады деп жоспарланған.
Шектеуге диаметрі 900 миллиметр болатын су құбырында жүргізілетін жоспарлы жұмыстар себеп болған.

Хабарламада су өшірілетін нысан ретінде LRT-ның «Сығанақ» станциясы көрсетілген. Ал сусыз қалуы мүмкін тұрғын үйлер мен басқа да нысандардың тізімі жарияланбаған.
Тұрғындар өз мекенжайы бойынша толық ақпаратты тәулік бойы жұмыс істейтін 109 нөмірі арқылы немесе @ikomek109_astanabot Telegram-ботына жүгініп біле алады.
