Талдықорған маңындағы қорғаннан сақ дәуірінің алтыны табылды
Соңғы үш жыл ішінде Жетісу облысында ондаған қорған зерттелген
Талдықорған маңындағы ежелгі қорғандардың бірінен археологтар сақ дәуіріне жататын құнды жәдігерлерді тапты. Қазба жұмыстары кезінде алтын сырғалар, сүйек пен қоладан жасалған жебе ұштары, сондай-ақ қамшының сынығы аршып алынды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «24KZ» арнасына сілтеме жасап.
Зерттеушілердің айтуынша, бұл қорған өзінің ерекше сәулеттік құрылымымен дараланады. Мамандар мұнда сақ қоғамының ақсүйек өкілдері жерленген деп болжап отыр. Алайда қорым ежелгі заманда-ақ бірнеше рет тоналған.
Соңғы үш жыл ішінде Жетісу облысында ондаған қорған зерттелді. Табылған артефактілердің қатарында аң стиліндегі әшекейлер, қыш ыдыстар және көне мәдениеттен сыр шертетін өзге де бұйымдар бар. Тарихи-мәдени құндылығы жоғары барлық жәдігер облыстық музей қорына тапсырылып, көпшілік назарына ұсынылады.
«Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының бөлім басшысы Хамит Айтқұл қазба жұмыстарының қорытындысы сәтті болғанын жеткізді.
«Үш айға созылған зерттеу барысында бұрын-соңды белгісіз болып келген көптеген тарихи деректер анықталды. Қорған толық зерттеліп, жерлеу рәсімі туралы жан-жақты ақпарат жиналды. Жұмыс нәтижесі бойынша арнайы монография жазылды», — деді Хамит Айтқұл.
Ал Жетісу облыстық тарихи-мәдени мұраны қорғау орталығының директоры Ғалымжан Оспановтың айтуынша, келесі жылы өңірде тағы екі қорғанға қазба жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Сонымен қатар аумақтағы ескерткіштердің нақты санын анықтап, олардың қорғау аймақтарын белгілеу және құжаттау жұмыстары қолға алынбақ.
