Сайлауда ерекше қажеттілігі бар азаматтарға қандай жағдай жасалды: министрлік жауап берді
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, республика бойынша 8 672 нысанда орналасқан 9 780 сайлау учаскесінің барлығы тиісті инфрақұрылыммен жабдықталған
29 қарашада Қазақстанда өтіп жатқан мәслихат депутаттарының сайлауында ерекше қажеттіліктері бар азаматтардың кедергісіз дауыс беруіне толық жағдай жасалған. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, республика бойынша 8 672 нысандаорналасқан 9 780 сайлау учаскесінің барлығы тиісті инфрақұрылыммен жабдықталған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Сайлаушылардың өз таңдауын еркін жасауы үшін еліміздегі учаскелерде ерекше қажеттілігі бар азаматтарға қолайлы жағдайлар қарастырылған. Атап айтқанда, арбамен қозғалатын тұрғындарға пандустар, сүйеніш тұтқалар мен арнайы кеңейтілген дауыс беру кабиналары орнатылған. Көру қабілеті төмен азаматтарға үлкейткіш әйнектер, қосымша жарық шамдары және Брайль қарпімен басылған ақпараттық материалдар ұсынылады.
Есту қабілеті бұзылған сайлаушыларға сурдоаудармашылар көмектеседі. Олардың ең көбі Қарағанды облысында – 72, Шымкентте – 65, Астанада – 57 адам. Елордадағы сайлау учаскелерінде келушілерге 800 волонтер жәрдемдесіп жүр. Ал Қостанайдағы №21 учаскеге портативті бейнеүлкейткіш қойылған.
Тұрғындар сайлау учаскелерінің қолжетімділік деңгейін inva.gov.kz порталындағы «Қолжетімділіктің интерактивті картасы» арқылы онлайн тексере алады.
Дауыс беру күні еліміз бойынша 1,3 мыңнан астам «Инватакси» көлігі азаматтарды тегін тасымалдауда. Көлік саны жағынан Алматы (170), Атырау (145), Ақмола (141), Астана (135), Қарағанды (126) және Түркістан (114) өңірлері алдыңғы қатарда. Астанада тасымалдың бір бөлігі пилоттық жоба аясында Yandex Go арқылы ұйымдастырылған.
Денсаулығына байланысты сайлау учаскесіне бара алмайтын азаматтар үйінде дауыс бере алады. Ол үшін дауыс беру күні сағат 12:00-ге дейін учаскелік сайлау комиссиясына жазбаша өтініш тапсыру қажет. Өтініш негізінде комиссияның екі мүшесі тасымалды жәшікпен сайлаушының үйіне барып, дауыс беру рәсімін ұйымдастырады.
Аталған шаралар Еңбек министрлігі мен Орталық сайлау комиссиясының 2025–2027 жылдарға арналған Жол картасы аясында жүзеге асырылып жатыр.
