Бес баланың әкесі: «Атыраулық хакер» Нұрлан Жаңбырбаев кім және ол не үшін жазаланды

Ол 12 адамды алдап соққан 

Бес баланың әкесі: «Атыраулық хакер» Нұрлан Жаңбырбаев кім және ол не үшін жазаланды
Фотоиллюстрация: жасанды интеллект арқылы жасалды

Атырауда бүтін бір отбасы жоғалып, ел дүрліккен сәтте әлеуметтік желіде «атыраулық хакер» деген азамат пайда болды. Ол 32 жастағы 5 баланың әкесі - Нұрлан Жаңбырбаев болатын. Жаңбырбаев қайын жұртын қырып салған Сұлтан Сәрсемәлиевтің жұбайымен бірге шетелге қашып кеткені туралы ақпарат бірінші болып таратқан. Оның полициядан бұрын қылмыскерді «тауып қойғаны» көпшіліктің құқық қорғау органдырына сеніміне селкеу түсіргендей болды. Полиция оның мәлімдемелерін жоққа шығарды. Арада бірнеше ай өткенде Нұрлан Жаңбырбаевтың өзі алаяқтық бойынша күдікке ілінді. Оған халықаралық іздеу жарияланды. Кейін ұсталып, қылмыстық іс бойынша үкім шықты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қандықол қылмыскердің қайда жүргенін айтқан соң елге танылды

Атырау облысы Қызылқоға ауданына қарасты Жангелдин ауылында тұратын бір отбасы 2025 жылдың қазан айында жоғалып кетті. Алдымен отбасының ұлы Наурыздан хабар үзілген. Туыстары мен ауыл тұрғындары іздей бастаған. 25 желтоқсанда полиция ресми іздеу жұмыстарын бастаған. Оқиға қоғамда үлкен резонанс тудырып, әлеуметтік желілерде түрлі болжам тарады. 2026 жылы 6 қаңтарда ерлі-зайыптылардың мәйіті өздерінің қорасынан табылды. Олардың күйеу баласы Сұлтан Сәрсемалиев күдіктіге айналды. Кейін оның бұрынғы жұбайы Ақбаян Мұқанғалиевамен бірге шетелде жүргені анықталды. Дәл осы оқиғалар өрбіген тұста әлеуметтік желіде өзін «Атыраудан шыққан хакермін» деп таныстырған азаматтың бейнежазбалары тарай бастады. Ол жоғалған отбасы туралы мәліметтерді өзі іздеп тапқанын айтып, телефон байланыстары, геолокациялар және басқа да деректерді жариялады.

Полиция хакердің мәлімдемесін жоққа шығарды

Жаңбырбаевтың жарияланымдары көпшіліктің қызығушылығын тудырды, бірақ оның мәліметтері ресми түрде расталмады. 2026 жылы 8 қаңтарда Атырау облысының полиция департаменті әлеуметтік желіде тараған ақпаратқа қатысты түсініктеме берді. Құзырлы органның мәліметінше, жоғалған адамдардың орналасқан жері, SIM-карталары мен қаржылық операциялары туралы деректерді хакер өз бетінше анықтамаған.

Полиция өкілдері бұл мәліметтердің барлығы әлеуметтік желідегі жарияланымдардан бұрын жедел-іздестіру және тергеу шаралары барысында анықталғанын мәлімдеді. Сондай-ақ хакер таратқан ақпарат ресми бағдарлауда бұрыннан болған деректермен сәйкес келген. Кейін Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов те бұл азаматтың қандай да бір деректер базасын аша алмайтынын, жариялаған мәліметтерді полиция қызметкерлерінен алғанын айтты. Ақпаратты оған берген қызметкерлер жауапқа тартылды.

Халықаралық іздеуге жарияланып, Түркияда ұсталды

Осы оқиғалардан кейін Нұрлан Жаңбырбаевтың өзіне қатысты алаяқтық деректері бойынша қылмыстық істер тергеле бастады. Биыл қаңтарда полиция оның үстінен төрт қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады, оған халықаралық іздеу салынды.

14 наурызда Интерпол қызметкерлері «атыраулық хакерді» Түркияның Самсун қаласында ұстады. Құқық қорғау органдарының мәліметінше, ол адамдарға инвестиция салу, IT саласында оқыту, әлеуметтік желідегі аккаунттарды бұғаттан шығару, ақша шешіп беруге көмектесу және техника сату сияқты қызметтерді ұсынып, ақшаларын иемденген. Осылайша 13 миллион теңгеден астам шығын келтірген. Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов Жаңбырбаевтың Түркиядан экстрадицияланғанын, алаяқтықтың 12 эпизоды бойынша айып тағылғанын мәлімдеді.

«Атыраулық хакер» 12 адамды қалай алдап соққан

Атырау қаласының №2 сотында қаралған іс материалдарына сәйкес, Нұрлан Жаңбырбаев 2022, 2024 және 2025 жылдары түрлі қызметтер ұсынып, 12 адамның сеніміне кірген. Сөйтіп, олардың жалпы 13 миллион 361 мың теңгесін иемденген.

Ол адамдарға бірнеше бағыт бойынша қызмет көрсетемін деп уәде берген. Атап айтқанда:

  • IT курстарын өткізу;
  • бұғатталған әлеуметтік желілерді ашу;
  • «Jetu» такси қосымшасы жобасына салынған ақшаны көбейту;
  • тұрақты пайда табудың жолдарын үйрету;
  • инвестор болу арқылы табыс табуға көмектесу;
  • тауар жеткізіп беру;
  • интернет алаяқтарға алданып аударылған ақшаны қайтару;
  • әлеуметтік желідегі аккаунттарды бұғаттан шығару.

Осы ұсыныстар арқылы ол азаматтардың сеніміне кіріп, ақшаларын алған. Сотта Жаңбырбаев өз кінәсін мойындаған. Сондай-ақ жәбірленушілерге келтірілген мүліктік залалдың 10 миллион 392 мың теңгесін өтегені белгілі болды.

Оқи отырыңыздар: Атырауда бұрынғы қайын жұртын қырып тастады деген күдікті Индонезияда қалай қолға түскен

Сот қандай жаза тағайындады?

Атырау қаласының №2 соты Нұрлан Жаңбырбаевты Қылмыстық кодекстің 190-бабы 3-бөлігінің 1 және 4-тармақтарында көзделген қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп таныды. Сот оның 5 баласының барын, бұрын сотталмағанын, кінәсін шын мойындағанын ескерген.

Сот бастапқыда оған 4 жыл 8 ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасын тағайындаған. Содан соң 2026 жылғы 1 шілдедегі рақымшылық жасау туралы заңға сәйкес жаза төрттен бір бөлігіне қысқартылды. Оған түпкілікті 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы белгіленді.

Сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.