Қырғызстандық студенттер Қазақстандағы онлайн-казиноларға қызмет көрсеткен: шоттар арқылы 3,6 млрд теңге өткен

Қылмыстық іс сотқа жолданды

Қырғызстандық студенттер Қазақстандағы онлайн-казиноларға қызмет көрсеткен: шоттар арқылы 3,6 млрд теңге өткен
Фото: ЖИ арқылы жасалды

Алматыда үш адам Қырғызстанның студенттері мен қаржылық қиындыққа тап болған жастарды пайдаланып, дропперлер желісін ұйымдастырған. Олар шетелдіктердің есепшотын USDT криптовалютасын сатып алу-сату үшін қолданып, 3,6 млрд теңгеден астам қаражат өткізген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

ҚМА Алматы облысы бойынша департаментінің мәліметінше, күдіктілер делдалдардың жолақысын, тұратын жері мен тамағын төлеп, ұялы телефон және SIM-карталармен қамтамасыз еткен. Ал қосымша ақша табу үшін шетел азаматтары банк шоттарын пайдалануға берген.  

Бұдан бөлек, күдіктілер «SkyPhoenix» халықаралық төлем платформасы арқылы «Pinco», «Pinup», «Nomad Games», «Sultan Games» және басқа да онлайн-казинолардың қаржылық операцияларына қызмет көрсеткені анықталды.

Олар заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырған адамдардың табысын криптовалютаға айырбастап, бұл қызметі үшін түскен қаражаттың 4 пайызын сыйақы ретінде алып отырған.

«Қазір екі күдікті үйқамақта. Сот санкциясымен үш автокөлік пен жер учаскесіне тыйым салынды. Қылмыстық іс сотқа жолданды», - деп хабарлады ҚМА.

ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, тергеудің өзге мәліметтері жария етілмейді.