Тұман, қар, жаңбыр: алдағы күндері Қазақстанның үш қаласында күн райы құбылмалы болады

Астанада көктайғақ пен тұман күтілсе, Алматыда қар жауады. Шымкентте 18 қарашада жаңбыр жауып, ауа температурасы +12+14 градус болады

Тұман, қар, жаңбыр: алдағы күндері Қазақстанның үш қаласында күн райы құбылмалы болады
Фото: istockphoto.com

Қазақстанның үш ірі қаласында алдағы үш күнде ауа райы құбылмалы болады. Астанада түнгі уақытта жолдар көктайғақтанып, тұман түседі. Алматыда бүгін қар жауса, Шымкентте аптаның ортасында жаңбыр күтіледі, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Қазгидрометке» сілтеме жасап. 

Синоптиктердің 16-18 қарашаға арналған болжамына сәйкес, елордада жауын-шашын болмайды. Алайда 16 қарашаға қараған түні жолдарда көктайғақ болып, түнде және таңертең тұман түседі. Ауа температурасы түнде -2-4 градус, күндіз 0+2 градус болады.

17 қарашада да түнде және таңертең тұман сақталады. Ауа температурасы түнде -4-6 градусқа дейін төмендеп, күндіз 0+2 градус шамасында болады. Ал 18 қарашада күндіз ауа температурасы +2+4 градусқа дейін көтеріледі.

Алматыда 16 қарашаға қараған түні қар жауады. Түнде және таңертең тұман түседі. Ауа температурасы түнде -3-5 градус, күндіз +3+5 градус болады.

17 қарашада жауын-шашын күтілмейді, түнде тұман түседі. Температура түнде -3-5 градус, күндіз +5+7 градусқа дейін жетеді. 18 қарашада да жауын-шашын болмайды. Күндіз ауа температурасы +8+10 градусқа дейін көтеріледі.

Шымкентте алдағы екі күнде жауын-шашын болмайды. 16 қарашада ауа температурасы түнде +1+3 градус, күндіз +14+16 градус болады. 17 қарашада да күндіз ауа температурасы +14+16 градус шамасында сақталады.

Ал 18 қарашада таңертең және күндіз жаңбыр жауады. Желдің жылдамдығы 8-13 м/с-қа дейін жетуі мүмкін. Ауа температурасы түнде +6+8 градус, күндіз +12+14 градус болады.