Астанада дәрігерлер жүрегі оң жақта орналасқан әйел адамға күрделі ота жасады
Науқастың жүрегі мен өзге де ішкі ағзалары әдеттегіден керісінше орналасқан
Астанадағы №2 қалалық көпбейінді ауруханада ақхалатты мамандар жүрегі оң жақта орналасқан әйел адамға күрделі ота жасады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Дәрігерлердің айтуынша, әйелдің ішкі ағзалары туа біткен ерекшелігіне байланысты керісінше орналасқан. Мысалы, жүрегі сол жақта емес, оң жақта орналасқан.
Күлжан Фазилованың жүктілік кезінде жүрегіне байланысты денсаулығы сыр беріпті. Қыркүйек айында жүктіліктің 30-аптасында дәрігерлер медициналық көрсетілімдерге байланысты кесарь тілігін жасаған. Босанғаннан кейін шамамен 40 күн өткен соң оған жүрегіне ота жасау қажет болған.
Дәрігерлер науқастың жүрек қақпақшаларының бірі қатты тарылып қалғанын анықтаған. Соның салдарынан қан айналымы бұзылған. Сондықтан мамандар қақпақшаны биологиялық протезбен алмастыратын болды.
Операцияны №2 қалалық көпбейінді аурухананың жүрек-қан тамырлары хирургиясы бөлімшесінің меңгерушісі Алексей Смоленский бастаған дәрігерлер тобы жасады. Күрделі ота үш сағатқа созылды.
Операция кезіндегі басты қиындық – науқастың жүрегі мен басқа да ішкі ағзаларының әдеттегіден керісінше орналасуы. Кардиохирургтің айтуынша, мұндай жағдайды өмірінде алғаш рет кездестіріп отыр.
«Әріптестеріміздің қолдауымен күрделі операцияға алдын ала мұқият дайындалдық. Жүректің компьютерлік томографиясын қарап, ірі қан тамырларының орналасқан орнын тексердік. Компьютерлік томография арқылы жүректің анатомиялық құрылысын жан-жақты зерттедік», — деді Алексей Смоленский.
Дәрігердің айтуынша, жүректің митралды қақпақшасын ауыстыру операциясы сәтті аяқталған. Отадан кейінгі тексеру науқастың жүрегі жақсы жұмыс істеп тұрғанын, ал орнатылған протездің қалыпты жұмыс істейтінін көрсетті.
Күлжан Фазилова ем қабылдап, оңалтудан өткеннен кейін ауруханадан шығуға дайындалып жатыр.
