Дрондар, ЖИ және жаңа техника: ТМД елдерінің құтқарушылары Шымкентте тәжірибе алмасты

ТМД елдерінің құтқарушылары Шымкентте бас қосып, жаңа технологияларды талқылады

Дрондар, ЖИ және жаңа техника: ТМД елдерінің құтқарушылары Шымкентте тәжірибе алмасты
Фото: Шымкент қаласының әкімдігі

Шымкентте ТМД елдерінің төтенше жағдайлар ведомстволары басшыларының басын қосқан халықаралық жиын өтті. XXXVIII отырыста Қазақстан құтқару жұмыстарына жасанды интеллект пен ұшқышсыз аппараттарды енгізу тәжірибесін таныстырса, қатысушы елдер төтенше жағдайларға бірлесіп әрекет ету және құтқару техникасын жетілдіру мәселелерін талқылады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қазақстан соңғы 11 жылда алғаш рет халықаралық деңгейдегі аталған іс-шараны ұйымдастырып отыр. Жиынға ТМД елдерінің құтқару қызметтері мен төтенше жағдайлар ведомстволарының басшылары және өкілдері қатысты. Олардың қатарында Өзбекстан, Беларусь, Қырғызстан, Тәжікстан және Ресей елдерінің төтенше жағдайлар министрлері бар.

ҚР Төтенше жағдайлар министрі Мұрат Мұханов әріптестеріне климаттық және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларды болжау жөніндегі Өңірлік орталық құру жөніндегі идеясын ортаға салды. Атап айтқанда, Қазақстанда орман өрттерін ерте анықтау үшін жасанды интеллект технологиялары қалай қолданылатыны, көмір шахталарында жұмысшыларды іздеу және газдану деңгейін бақылау жүйелері қалай енгізіліп жатқаны туралы баяндады. Сондай-ақ ұшқышсыз ұшу аппараттары жетуі қиын аумақтарды тексеріп, адамдарды іздеуге көмектеседі.

Мұрат Мұханов құтқару авиациясы мен мамандандырылған бөлімшелердің дамуы, ауылдық жерлердегі құтқару бөлімшелері желісінің кеңеюі жөнінде де мәлімет берді. Мәселен, «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы аясында 311 ерікті өртке қарсы топтар құрылған. Олар 975-тен астам елді мекеннің қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.

Ресей Төтенше жағдайлар министрлігінің басшысы Александр Куренков ведомство 2027 жылдың жазында Арктика аумағында, болжам бойынша Якутияда, тәжірибелік-зерттеу жаттығулары мен экспедиция өткізуді жоспарлап отырғанын айтты. Оның барысында төтенше жағдай кезінде түрлі ведомстволардың бірлесіп әрекет етуі пысықталады. Сондай-ақ тундра мен батпақты жерлер сияқты табиғи ортада өрт сөндіру және құтқару техникасы мен жабдықтары сынақтан өткізіледі.

Жиын барысында Қазақстанда өндірілген арнайы техника, апаттық-құтқару жабдықтары мен құтқарушыларға арналған киім-кешек көрмесі ұйымдастырылды. Шетелдік делегация өкілдері ұсынылған техниканың мүмкіндіктері мен сипаттамаларын көріп, оларды іс жүзінде қолдану ерекшеліктерімен танысты.