Шымкенттің Әл-Фараби ауданында асфальт төселіп, көшелерге жарықшам орнатылып жатыр
Биыл жауапты басқарма 113 көшеге асфальт төсеп, жол жабынын жаңартты
Шымкенттің Әл-Фараби ауданында биыл 50 көшені жөндеу жоспарланып, оның 45-інде жұмыс аяқталды. Мұнда жолдарды жөндеу, көшелерді жарықтандыру, тротуарлар мен ирригациялық жүйелерді дамыту бағытында қызу жұмыс жүріп жатыр. Бүгінде аудан тұрғындары ауыз су, электр жарығы және табиғи газбен толық қамтылған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қала әкімдігінің мәліметінше, биыл жауапты басқарма 113 көшеге асфальт төсеп, жол жабынын жаңартты. Сонымен қатар, былтыр 182 көпқабатты тұрғын үйдің ауласына 2 600 тонна асфальт төселді. Биыл шамамен 100 мекенжайдағы аулаішілік жолдарға 2 000 тонна асфальт төсеу көзделіп, 87 ауладағы ойылған жерлер қалпына келтірілді.
Жаяу жүргіншілерге қолайлы жағдай жасау мақсатында да жұмыс жүріп жатыр. Ауданда жалпы ұзындығы 137,3 шақырым болатын 122 көшеде тротуар бар. 2025 жылы 19 көшеде 12 шақырым аяқжол салынса, биыл 32 көшені жаңарту жоспары аясында 17 көшедегі жұмыс аяқталды.
Көшелерді жарықтандыру бағытында былтыр 175 көше қамтылды. Биыл 58 көше тұйығына жарықшам орнату жоспарланып, 8 көшеде бұл жұмыс аяқталды. Сонымен бірге ауданның коммуналдық мекемесі 136 аула мен көшені жарықтандыруды қолға алып, бүгінге дейін 101 орында 148 жарықтандыру бағанасы мен кронштейн орнатты.
Жауын-шашын кезінде су өткізу жүйесін жақсарту үшін ирригациялық арықтар салынып жатыр. Былтыр 17 көшеге арық жүйесі орнатылды. Биыл басқарма тарапынан жоспарланған 25 көшенің 20-сында жұмыс толық аяқталды. Бұған қоса, ауданның коммуналдық мекемесі 32 мекенжайда арық жүйесін орнатуды жоспарлап, 17 көшедегі жұмысты аяқтады.
Тұрғын үйлерді жылумен қамту мәселесі де бақылауда. Аудандағы 931 көппәтерлі үйдің 860-ы орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған, қалған 71-і автономды жүйені пайдаланады. 2026-2027 жылғы жылыту маусымына дайындық аясында орталықтандырылған жүйеге қосылған 860 үйде сығымдау жұмысы толық жүргізіліп, жылу берілді.
Санитарлық тазалықты қамтамасыз ету үшін аудан 7 секторға бөлінген. Бұл бағыттағы жұмысқа 121 арнайы техника мен 558 қызметкер жұмылдырылған. Көпқабатты үйлердің аулалары мен ішкі орам көшелері аптасына екі рет тазаланады.
«Таза Қазақстан» акциясы аясында биыл 25 сенбілік ұйымдастырылып, оған 30 мыңға жуық тұрғын мен 230 техника қатысты. Нәтижесінде 540 тонна қоқыс шығарылды.
Бұдан бөлек, аудандағы базарларды жаңғырту жұмысы да қарқынды жүріп жатыр. «Орталық Қырғы» базарындағы жұмыс 95 пайызға аяқталып, соңғы кезеңі жүргізілуде. «Назым апа» базарында жаңғырту толық аяқталды.
Жалпы, бұл жұмыс ауданның инфрақұрылымын жақсартып, қоғамдық орындарды дамытуға және тұрғындарға қолайлы жағдай жасауға бағытталған.
