«Әділет» партиясы көшпелі отырыста мұғалімдердің жүктемесін азайту мәселесін талқылады
Сонымен қатар депутаттар оқушылардың ғылыми-инновациялық жобаларымен танысып, NIS-тің оқу бағдарламаларын әзірлеу және мұғалімдердің кәсіби дамуын қамтамасыз ету тәжірибесін зерделеді
Мемлекет басшысының Жолдауында білім сапасын арттыру, мұғалімдердің артық әкімшілік жүктемесін азайту мәселелері көтерілген еді. Осы міндеттердің орындалу барысы мен білім беру саласындағы озық тәжірибелерді «Әділет» партиясының Адам әлеуетін дамыту, әлеуметтік қолдау және жастар саясаты мәселелері жөніндегі жобалық кеңсесі мен Құрылтайдың Әлеуметтік-мәдени даму комитеті көшпелі отырыста талқылады. Жиын Астанадағы Назарбаев зияткерлік мектебінде өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Жиынның негізгі бөлігінде «Әділет» партиясы төрағасының орынбасары Ержан Жылқыбаев әуелі ұйымдастырушыларға алғыс айтып, көшпелі отырыстың маңызына, NIS ұжымының тәжірибесіне назар аударды.
«Бүгін әлеуметтік мәселелер мен адам капиталын дамытуға арналған жобалық кеңсенің алғашқы көшпелі отырысы өтіп жатыр. Біздің мақсатымыз – білім саласындағы түйткілдерді азайту үшін оны мұғалімдермен бірге талқылау және шешу жолдарын қарастыру. Жаңа ғана педагогтердің әкімшілік жүктемесін азайту, білім сапасын арттыру, ауыл мектептерін дамыту және қала мен ауыл арасындағы білім алшақтығын қысқарту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды көрдік. Оқушылардың ғылыми жобалары мен жаңа технологияларды меңгеруіне де назар аудардық. Өздеріңіз де білесіздер, партиямыздың бес жылдық сайлауалды бағдарламасында да дәл осы адам капиталын дамыту мен әлеуметтік мәселелерге басымдық берілген. Міне, осының барлығы бізге жүктелген міндеттермен тікелей үндеседі», – деді Ержан Жылқыбаев.
Одан кейін Құрылтайдың Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Асхат Аймағамбетов сөз алып, Құрылтай депутаттарының мұғалімдерді артық әкімшілік жұмыстан босату мәселесіне қатысты арнайы заң жобасын әзірлегенін айтты. Сонымен қатар жаңа бастаманы Үкіметке ұсынбас бұрын NIS тәжірибесін зерделеп, мектепте қандай шешімдер қолданылып жатқанын көру өте маңызды екенін жеткізді.
«Адал азаматты қалай қалыптастырамыз, қалай тәрбиелейміз?» деген сұрақ маңызды сауалдың бірі. Осы бағытта Назарбаев зияткерлік мектебінде үлкен жұмыс жүргізіліп жатыр. Оқытушылар Конституциядағы күрделі ұғымдарды қарапайым тілмен жеткізу үшін арнайы оқу құралын да әзірлеген. Екіншіден, қоғамда зияткерлік мектепке қатысты жаңсақ түсінік көп. Әсіресе қаржыландыру, оқушыларды іріктеу тәртібі, ондағы құндылықтар мен түлектердің шетелге кетуі туралы сұрақтар жиі айтылады. Бүгінгі кездесуде осы мәселелерге нақты дерекпен жауап беріледі деп ойлаймын.
Ал білім нәтижелеріне келсек, PISA халықаралық зерттеуінің 2018, 2022 және 2025 жылдардағы көрсеткіштерінде NIS өте жоғары нәтиже көрсетті. Кейбірі мұны мектепте оқитын дарынды балалармен байланыстырады. Алайда дарынды оқушылармен жұмыс істеудің өзі оңай емес. Ол мұғалімнен ерекше кәсіби құзырет пен күрделі әдістемелік тәсілдерді талап етеді», – деді Асхат Аймағамбетов.
Дәл осы ретте «Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ Басқарма төрағасы Әнуар Жанғозин мектептер желісінің жұмысы, оқушылар құрамы және қаржыландыру мәселесі туралы баяндады. Оның айтуынша, бүгінде 21 Назарбаев зияткерлік мектебінде 20 мыңнан астам оқушы білім алады. Олардың 35 пайызы – көпбалалы, толық емес және әлеуметтік қолдауды қажет ететін отбасылардан шыққан. Ал оқушылардың 12 пайызы ауыл мен шағын қалалардан келген. Бұл көрсеткіш жыл сайын артып келеді.
«Елдегі 7-12 сынып оқушыларының шамамен 1 пайызы ғана Назарбаев зияткерлік мектептерінде білім алады. Ал бөлінетін қаржы да орта білімге жұмсалатын жалпы шығынның 1 пайызына жуық», – деді ол.
Айтуынша, мемлекет зияткерлік мектептегі бір оқушыға жылына орта есеппен 2,5 млн теңге бөледі. Ал жалпы білім беретін мектептерде бұл көрсеткіш шамамен 1,1 млн теңге. Әнуар Жанғозин бұл айырмашылықты оқу уақытымен түсіндірді. Себебі қарапайым мектептердің басым бөлігі екі ауысымда жұмыс істесе, NIS-те оқу күні бойы жалғасады.
«Биыл республкалық бюджеттен бөлінген 43,4 млрд теңгенің 71 пайызы қызметкерлердің жалақысына, 14 пайызы оқушылардың тамағына, 10 пайызы әдістемелік қамтамасыз етуге, қалған 5 пайызы коммуналдық және басқа да шығындарға жұмсалады. Алайда мемлекеттік грант барлық қажеттілікті толық жаппайды. Себебі 21 мектепке жылына 61 млрд теңге қажет», – деді Әнуар Жанғозин.
Ал NIS басқарма төрағасының орынбасары Жанбота Кабдыкаримова мектептердің озық тәжірибесін еліміздегі өзге білім ошақтарына тарату жұмысы 2011 жылы басталғанын айтты. Алғашқы бес зияткерлік мектеп сол кезден бастап оқушыларға онлайн сабақ, ал мұғалімдерге қашықтан семинар өткізе бастаған. 2012 жылы педагогтердің біліктілігін арттырудың жаңа жүйесі енгізіліп, 2015 жылдан бастап Ыбырай Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясымен бірлесіп, оқу-әдістемелік материалдар әзірленген.
Оның айтуынша, бұл жұмыстың негізгі мақсаты – NIS тәжірибесін жай ғана көшіру емес, басқа мектептердің әлеуетін арттырып, білім беру жүйесіне жаңа әдістер енгізуге көмектесу. Осы бағыттағы бастамалардың жалғасы ретінде өңірлік жобалар қолға алынған.
Көшпелі отырыста жасанды интеллектіні білім беру процесінде қолдану, академиялық адалдықты сақтау және оқушылардың кітап оқуға қызығушылығын арттыру мәселелері де талқыланды. «Әділет» партиясы фракциясының мүшесі, Құрылтай депутаты Шолпан Каринова NIS-тің тәжірибесін өзге мектептерге де енгізуге болатынын зерделеу маңызды екенін айтты.
«Жасанды интеллектіні пайдалану бойынша тиісті ережелер қабылданған ба, қандай ұстанымдар мен қиындықтар бар? Міне, бізді осы сауалдар қызықтырады. Сонымен қатар кітап оқуға баулудағы тәжірибесі де назар аударуға тұрарлық. Мәселен, «Жүз мектеп» жобасы аясында оқушылар 60 қазақ, 20 орыс және ағылшын тілінде 20 шығарма оқиды. Бұдан бөлек, қазақ әдебиетін тереңірек меңгеруге бағытталған «NIS-пен бірге оқиық» бағдарламасы да жүзеге асып жатыр. Бұл бастамалар оқушылардың кітап оқуға қызығушылығын арттыруға ықпал етеді», – деді Шолпан Каринова.
Ауқымды талқылау алаңында Білім беру бағдарламалары орталығының директоры Әсел Бейсембинова, Педагогикалық өлшеулер орталығының директоры Думан Сапақов, HR департаментінің директоры Cамғат Бөлебаев пен «Alumni NIS» түлектер қауымдастығының басшысы Омар Бекин баяндама жасап, тақырыпты жан-жақты талдады.
Сонымен қатар депутаттар ғылым мен технологияны ұштастырған жобалармен танысты. Солардың бірі – NIS PocketQube шағын жерсерігі. Биыл 1 қазанда SpaceX компаниясының Falcon 9 зымыранымен бірге ғарышқа ұшырылған. Салмағы небәрі 250 грамм болатын аппарат орбитадан телеметриялық дерек қабылдауға мүмкіндік береді. Тағы бір назар аудартқан жұмыс – BOL деп аталатын жасанды интеллект негізіндегі медициналық қосымша. Ол ЭКГ нәтижесін бірнеше секундта талдап, жүрек ауруларының 56 түрін анықтай алады. Оқушылардың айтуынша, жүйенің дәлдігі шамамен 90 пайызға жетеді.