Тоқаев «Самұрық-Қазына» мен «Қазақстан темір жолы» басшыларының ұсталуына қатысты мәлімдеме жасайды

13 қараша күні шұғыл отырыс өтеді

Тоқаев «Самұрық-Қазына» мен «Қазақстан темір жолы» басшыларының ұсталуына қатысты мәлімдеме жасайды
Фото: Ақорда

13 қараша күні  Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің көлік-логистика саласын дамыту мәселелері бойынша шұғыл отырысы өтеді, деп хабарлайды  Azattyq Rýhy.

Жиын барысында Президент «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры мен «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басшыларының сыбайлас жемқорлық қылмысына қатысы бар деген күдікпен ұсталуына байланысты мемлекеттің позициясын жеткізеді. 

Сонымен қатар Мемлекет басшысы «Заң мен Тәртіп» қағидатын сақтау, ұлттық компания басшыларының жеке жауапкершілігі және еліміздегі стратегиялық маңызды кәсіпорындардың қызметіндегі заңдылық пен ашықтықты қамтамасыз ету мәселелеріне айрықша назар аударады.

Бұған дейін Ұлттық қауіпсіздік комитетінің «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов пен «Қазақстан Темір жолы» Ұлттық компаниясы» АҚ басшысы Елжас Отыншиевті ұстағанын хабарладық. 

«2026 жылдың 11 қарашасында Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметі «Самұрық-Қазына» АҚ Басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов пен «Қазақстан Темір Жолы» ҰК» АҚ-ның басқарма төрағасы Елжас Отыншиевті ұстады. Олар сыбайлас жемқорлық жасады деген күдікпен ұсталды», - деп мәлімдеді Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметі.