Қазақстанда докторанттардың шәкіртақысы 500 мың теңгеге дейін өседі – министр

Қазір докторанттар шамамен 260 мың теңге алады

Қазақстанда докторанттардың шәкіртақысы 500 мың теңгеге дейін өседі – министр
Фото: Azattyq Rýhy

Қазақстанда PhD докторанттарының ай сайынғы шәкіртақысын 2029 жылға дейін 500 мың теңгеге дейін көтеру жоспарланып отыр. Бұл туралы ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Құрылтай отырысынан кейінгі брифингте мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қазір докторанттар шамамен 260 мың теңге алады. 

Министрдің айтуынша, соңғы бес жылда докторанттардың шәкіртақысы екі есе өскен. Алайда бұл бағыттағы қолдау алдағы уақытта да жалғасады.

«Қазіргі таңда докторанттар (PhD) ай сайын шамамен 260 мың теңге шәкіртақы алады. Соңғы бес жылда шәкіртақы екі есе көтерілді. Бұл жұмыс жалғасады. 2029 жылға дейін шәкіртақы 500 мың теңгеге дейін көтеріледі. Осындай жоспар бар», – деді Саясат Нұрбек.

Ведомство басшысы бұл өзгеріс жас ғалымдарды қолдауға бағытталғанын атап өтті.

Сонымен қатар мемлекет жас ғалымдарды баспанамен қамтамасыз ету бағдарламасын да жалғастырып келеді. Министрдің мәліметінше, соңғы екі жылда 813 жас ғалым баспана алған.

«Мемлекет басшысының қолдауымен жас ғалымдарға баспана беріліп келеді. Соңғы екі жылдың ішінде 813 жас ғалым баспаналы болды», – деді министр.