Алматыда метро станциясын су басып қалды
Станцияны су басып қалуына арық жүйесінің бұзылуы себеп болған
Алматыда «Алатау» метро станциясының жаяу жүргіншілер өткелін су басып қалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қала тұрғындары оқиға орнынан түсіріп алған суреттерін Threads желісінде жариялап жатыр. Бұл жазбаларды қалалық метрополитен өкілдері жауапсыз қалдырған жоқ. Метро әкімшілігінің мәліметінше, қаланың арық жүйесінің бұзылуына байланысты станцияны су басып болған.
«Қаланың су бұру желісі толып кетуіне байланысты Абай даңғылынан төмен орналасқан «Алатау» метро станциясының солтүстік жаяу жүргіншілер өткелін су басты. Қазір метро қызметкерлері суды сорғызып, аумақты тазалап жатыр. Су басқан аумақты қалпына келтіру жұмысы жүріп жатыр. Жағдай жауапты қызметтердің бақылауында», – деп хабарлады метрополитеннің баспасөз қызметі.
Сол сияқты олар жаяу жүргіншілер өткелін су басқанына қарамастан, «Алатау» метро станциясы штаттық режимде жұмыс істеп тұрғанын және жолаушыларға ешқандай шектеу қойылмағанын атап өтті.