«Вандализмге жол жоқ!»: жастар 100-ге жуық тарихи нысанды тазартып, саябақтарды ретке келтірді

Қазақстанда 6 мыңнан астам жас 100-ге жуық тарихи нысанды тазартты

«Вандализмге жол жоқ!»: жастар 100-ге жуық тарихи нысанды тазартып, саябақтарды ретке келтірді
Фото: «Әділет» партиясының баспасөз қызметі

Қазақстанның 17 облысы мен республикалық маңызы бар үш қаласында «Вандализмге жол жоқ!» акциясы өтіп жатыр. «Әділет» партиясының Жастар қанаты қолға алған акцияға 2 мыңнан астам белсенді жас қатысты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жолдауында заңды құрметтеу, тәртіп сақтау және ел игілігі үшін еңбек ету қағидаттары «Адал азамат» тұжырымдамасы аясында қолға алынған акцияның негізгі бағытымен үндесетінін ерекше атап өткен. Бастама тарихи мұраны сақтауды және жастардың қоғамдық мүлікке ұқыпты қарау дағдысын қалыптастыруды көздейді.

Акцияға қатысушылар тарихи-мәдени орындар мен қоғамдық орындарды ретке келтіріп, ескерткіштердегі түрлі жазуларды өшіріп жатыр. Қазір осы бастама Абай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Батыс Қазақстан облыстарында өтіп жатыр.

Мәселен, Павлодарда жастар 1930 жылдардағы қуғын-сүргін мен ашаршылық құрбандарына арналған ескерткіштің айналасын тазартты. «Жастар Рухы» жастар қанаты облыстық филиалының белсендісі Мерей Сапарова тарихи орындардың күтіміне бейжай қарамау өткенді ұмытпау үшін маңызды екенін айтты.

«Бұл ескерткіш – қуғын-сүргін мен ашаршылық жылдарында қаза тапқан азаматтарды еске алатын тағылымды орын. Ол халқымыз бастан өткерген қасіретті ұмытпауға, тарихтан сабақ алуға үндейді. Сондықтан мұндай орындардың тазалығы мен сақталуына бейжай қарамауымыз керек. Біз ескерткіштің аумағын ретке келтіріп қана қоймай, тарихи жадымызға құрмет көрсеткіміз келеді», – деді Мерей Сапарова.

«Жастар Рухы» жастар қанаты төрағасының міндетін атқарушы Ержан Хамитовтің сөзінше, белсенділер бұған дейін де акция аясында елдегі бірнеше табиғи және тарихи орындарды тазартқан.

«Кемпіртас, Жұмбақтас сияқты елімізге танымал көрікті жерлерді тазарттық. Қазір бастама барлық өңірде жалғасып жатыр. Белсенді жастар ескерткіштер мен тарихи орындардағы граффитилерді өшіріп, жазулар мен қоқыстан тазартуда», – деді Ержан Хамитов.

Бұл бастама Павлодардан бөлек, Абай облысында да өтті. Семейде жастар Орталық саябақтағы ескерткіштер мен орындықтарға жазылған граффитилерді өшіріп, саябақ аумағын тазалады. Бұған қоса, қала тұрғындары арасында сауалнама өткізіп, вандализмге және қоғамдық мүлікті бүлдіруге қатысты пікірлерін білді.

Солтүстік Қазақстан облысында белсенділер М. Жұмабаев атындағы гүлзарды қоқыстан тазартып, ақын ескерткішін ретке келтірді. Ал Орал қаласында «Стелла» саябағындағы «Жауынгерлерге мәңгілік тағзым» ескерткішінің маңында тазалық жұмыстары ұйымдастырылды.

Айта кетерлігі, «Вандализмге жол жоқ!» республикалық акциясы басталғалы 6 мыңнан астам жас 100-ге жуық тарихи нысан мен ескерткішті тазалауға атсалысты. Бастама еліміздің барлық өңірінде жалғасады.