Қазақстанда ғылым мен бизнес бірігіп жұмыс істемек: Дархан Ахмедиев саланы қаржыландыру мен зерттеу жүйесін өзгертуді ұсынды

Бұл туралы Құрылтай отырысында Цифрландыру, инновациялар және ғылым комитетінің төрағасы Дархан Ахмедиев мәлімдеді

Қазақстанда ғылым мен бизнес бірігіп жұмыс істемек: Дархан Ахмедиев саланы қаржыландыру мен зерттеу жүйесін өзгертуді ұсынды
Фото: Құрылтай баспасөзі

Қазақстанда жер қойнауын пайдаланушылардың ғылыми зерттеулер мен тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға аударатын міндетті төлемдерін ашық конкурс арқылы бөлу ұсынылды. Сонымен қатар ғылыми жобаларды әзірлеуге бизнесті тартып, олардың нәтижесін өндіріске енгізуге кәсіпорындардың тікелей қатысуы көзделіп отыр. Бұл туралы Құрылтай отырысында Цифрландыру, инновациялар және ғылым комитетінің төрағасы, Әділет партиясы фракциясының мүшесі Дархан Ахмедиев мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy. 

«Қазір жер қойнауын пайдаланушылар өндіріске жұмсалатын шығындарының 1 пайызын ғылыми зерттеулер мен тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға аударуға міндетті. Алайда бұл қаражаттың нақты қандай жобаларға бағытталатыны мен оның нәтижесін бақылау тетіктерін жетілдіру қажет. Бұл қаражат еліміздің өнеркәсібі мен экономикасына қажетті зерттеулер мен технологияларға бағытталуға тиіс», – деді Дархан Ахмедиев.

Айтуынша, Қаржы министрлігінің мәліметінше, биылғы жылдың тоғыз айында осы бағыт бойынша 4,5 млрд теңге түскен. Комитет қаражатты бөлек есепке алып, ғылыми жобаларды ашық конкурстық іріктеу арқылы қаржыландыруды ұсынып отыр.

Бұдан бөлек, ғылыми зерттеулерге бизнестің қатысуын күшейту мәселесі көтерілді. Депутаттың пікірінше, кәсіпорындар дайын ғылыми өнімді сатып алушы ғана емес, зерттеу міндеттерін анықтаудан бастап, оны сынақтан өткізу мен өндіріске енгізуге дейінгі процеске қатысуы керек.

«Кәсіпорындар өндірістік алаңдарды ұсына алады, нәтижелерді тексеруге қатысады және перспективалық әзірлемелерді бірлесіп қаржыландырады», – деді комитет төрағасы.

Ахмедиев ғылыми жобалардың қаржыландырылу тәртібін де өзгертуді ұсынды. Атап айтқанда, конкурстардың бірыңғай күнтізбесін енгізіп, қаржыландыру мерзімдерін алдын ала белгілеу қажет.

«Ғалымдар конкурс жарияланатын, шешім қабылданатын, шарт жасалатын және қаражат түсетін уақытты алдын ала білуге тиіс. Бұл зерттеулерге уақыт үнемдеуге, сондай-ақ ғылыми ұжымдардың сатып алуы мен жұмысын жоспарлауға мүмкіндік береді», – деді ол.

Сонымен қатар ғалымдарға түсетін әкімшілік жүктемені азайтып, есептілік талаптарын қайта қарау ұсынылды. Бір мәліметті бірнеше рет сұратудың орнына мемлекеттік органдар қолда бар деректерді пайдалануы керек.

Тағы бір бастама – ғылыми жобаларды толық цифрландыру. Комитет өтінім беруден бастап сараптама, келісімшарт жасау, қаржыландыру және жобаның нәтижесін бақылауға дейінгі барлық процесті «Қазақстан ғылымы» ақпараттық жүйесіне біріктіруді ұсынып отыр.

Әр ғылыми жоба бойынша оның мақсаты, сараптамалық қорытындысы, бөлінген қаражаты, мерзімдері мен нақты нәтижелері көрсетілетін бірыңғай цифрлық тарих қалыптастыру көзделген.

Комитет төрағасының пікірінше, бұл ғылыми жобалардың орындалуын бақылауға, қаражаттың жұмсалуын қадағалауға және қайталанатын зерттеулерді анықтауға мүмкіндік береді.

Айта кетейік,  бұған дейін Құрылтай отырысында Жоғары аудиторлық палатасының төрағасы Әлихан Смайылов ғылым саласына жүргізілген аудит нәтижесін айтты. Ғылымға арналған миллиардтар депозит пен бағалы қағаздарға салынғанын мәлімдеп, 51 млрд теңге қаржылық бұзушылық, 47 млрд теңге қаражатты тиімсіз жоспарлау және пайдалану, сондай-ақ 16 млрд теңге шығын мен жіберіп алған пайда фактілері анықталғаны туралы айтқан еді.