Қазақстанда қоғамдық этика мен құндылықтарға бағытталған жобалар жүзеге асырылуда
Азаматтық жауапкершілікті арттыруға, құқықтық мәдениетті нығайтуға және қоршаған ортаға ұқыпты қарауға бағытталған бастамалар ілгері жүріп жатыр
Қазақстанда азаматтық жауапкершілікті арттыруға, құқықтық мәдениетті нығайтуға және қоршаған ортаға ұқыпты қарауға бағытталған «Адал азамат», «Заң мен тәртіп» және «Таза Қазақстан» мемлекеттік бастамалары қарқынды жүзеге асырылуда, деп хабарлайды Azattyq Rýhy BAQ.KZ-ке сілтеме жасап.
Жаңа қоғамдық этиканы қалыптастыру – мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарының бірі.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында қоғамда «Заң мен тәртіп» қағидатын орнықтырудың айрықша маңызын атап өтті. Аталған бағыттар бойынша атқарылып жатқан жүйелі жұмыстар еліміздің ішкі саясатының негізгі тетігіне айналды.
«Адал азамат» бағдарламасы білімді, еңбекқор, отаншыл әрі заңды құрметтейтін ұрпақ тәрбиелеуге бағытталған. Осы мақсатта білім беру ұйымдарында жаңа бағыттар жүйелі түрде енгізіліп жатыр.
Атап айтқанда, 5–7 сынып оқушыларына «Конституция негіздері», ал 8–11 сыныптарға «Заң және тәртіп» сабақтары енгізілді.
Сонымен қатар оқушылардың жеке, психологиялық және цифрлық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша ата-аналар жиналыстары тұрақты өткізіліп тұрады.
Ал «Заң мен тәртіп» қағидаты жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алудан бастап, жауапты кәсіпкерлікті дамытуға дейінгі бағыттарды қамтиды.
Астанада іскерлік әдеп пен бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін дәріптейтін «Адал кәсіпкер» байқауының жеңімпаздары марапатталды.
Сонымен қатар елордада вандализмге қарсы «Антивандал» акциясы аясында 360-тан астам заңсыз граффити мен есірткі жарнамасы өшірілді.
Өңірлерде кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында арнайы жиындар мен бақылау шаралары тұрақты өткізіліп келеді.
Ал жалпыұлттық «Таза Қазақстан» экологиялық бастамасы қоршаған ортаны қорғау мен табиғатқа жанашырлықпен қарауға бағытталған. Акция аясында ел бойынша тазалық және абаттандыру жұмыстары жүргізіліп келеді.
Астанада өткен сенбіліктерге 173 мыңнан астам тұрғын мен 2 400-ден астам кәсіпорын қатысты. Ал Abai University-де ұйымдастырылған экологиялық аптаға 10 мыңға жуық студент атсалысып, аумақты абаттандыру жұмыстарын жүргізді.
Сонымен қатар тазалық талаптарын сақтау мәселесіне де ерекше мән беріліп отыр. Мәселен, Солтүстік Қазақстан облысында жыл басынан бері абаттандыру қағидаларын бұзудың 13,7 мыңнан астам дерегі анықталған.
Үш бастаманың негізгі түйіні – әрбір азаматтың жеке жауапкершілігін арттыру, яғни заңды сақтау, адал еңбек ету, бала тәрбиесіне мән беру және қоршаған ортаны таза ұстау арқылы осы қағидаттарды күнделікті өмірдің ажырамас бөлігіне айналдыру.