Алматыда асхана өртеніп, жеті газ баллоны сыртқа шығарылды

Түнде Алматы қаласы Түрксіб ауданы Рихард Зорге көшесінде орналасқан бір қабатты асхана ғимаратынан өрт шықты

Алматыда асхана өртеніп, жеті газ баллоны сыртқа шығарылды
Фото: скриншот

Түнде Алматы қаласы Түрксіб ауданы Рихард Зорге көшесінде орналасқан бір қабатты асхана ғимаратынан өрт шықты. Оқиға туралы дабыл Төтенше жағдайлар министрлігінің «112» шұғыл қызмет пультіне түскен, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

ТЖМ бөлімшелері оқиға орнына жедел жеткен кезде ғимараттың шатыры мен бірінші қабатын шарпыған өрт белсенді түрде жанып жатқан.

Өртті сөндіру кезінде құтқарушылар ғимарат ішінен жеті газ баллонын қауіпсіз жерге шығарды. Олардың бесеуі – 50 литрлік, екеуі 20 литрлік баллон болған.

Өрт сөндірушілердің жедел әрекетінің арқасында ықтимал жарылыстың алдын алды. Тілсіз жау толық сөндірілді. Оқиға салдарынан қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ.

Қазір мамандар өрттің шығу себебін анықтау үшін тиісті сараптамалар жүргізіп жатыр.