Шоу да жоқ, ақша да жоқ: BTS концертіне билет алған қазақстандықтар жарты жылдан бері 2,6 млн теңгесін қайтара алмай жүр
Туристер арада жарты жылдан астам уақыт өтсе де, ақшаларын қайтара алмай жүр
Белгілі туристік компанияның басы дауға қалды. Қазақстандық туристер Sayahat Time туристік компаниясына миллиондап ақша төлеп, кейін уәде етілген қызметті ала алмаған соң, қаржысын қайтара алмай келеді. Туристер компанияның қызметіне көңілі толмаған соң, өз еріктерімен турдан бас тартқан. Алайда арада жарты жылдан астам уақыт өтсе де, ақшаларын қайтара алмай жүр. Тіпті сотқа жүгініп, өз пайдасына шешім шығартып, жеке сот орындаушысы атқарушылық іс жүргізуді бастағанымен, әзірге қаражаттың бір теңгесі де қайтарылмаған. Жәбірленушілердің бірі Azattyq Rýhy редакциясына басынан өткен жағдайды айтып берді.
Қазақстандық ерлі-зайыпты әлеуметтік желіде 18 мыңнан астам жазылушысы бар Sayahat Time тур компаниясының жарнамаларына сеніп, қызығып, тураларын бақылап жүреді. Сөйтіп,10 сәуірде компанияға хабарласып, BTS тобының Пусандағы концертіне арналған турды сатып алады. Алайда ол кезде тур компания саяхатқа аттанатын туристер тобын құрып қойған. Кейіннен топта бос орындар пайда болғанын айтады.
«Бір сағаттан кейін компания өкілі Сандуғаш Бисенбай ортақ чат ашады және бізге турдың құнын есептеп, шот жібереді. Екі адамға 2,6 млн теңге болды. Күйеуім бірден келісілген ақшаны төлейді. Сөйтіп, біз келісімшарт жасасу үшін жеке деректерімізді жолдадық. Келісімшартты ол сол күні сағат 22:28-де жіберген болатын. Алайда келесі күні келісімшарттағы кейбір талаптарға көңілім толмайтынын айттым. Тіпті құжатта біздің аты-жөнімізді қате жазған. Осылайша, бірнеше күн бойы келісімшартты талқылаумен болдық», - дейді жәбірленуші.
Арада бірнеше күн өткен соң әйел Threads әлеуметтік желісінде Sayahat Time қызметін пайдаланған туристердің жазған шағымын көзі шалады. Шағымның тым көптігінен ерлі-айыпты тур-компанияның қызметінен бас тартып, ақшаны қайтаруды талап еткен.
скрин: жәбірленушінің рұқсатымен жарияланды
«Мәселе құр сөзбен шешілді»
Ерлі-зайыптылардың компания ақшасын қайтарып береміз деп сендірген, алайда нақты күнін атамаған.
«Нақты жауап бермеген соң біз 21 сәуірде тур компанияға алғашқы сотқа дейінгі талап-арызды жолдадық. Оған дейін Сандуғаш тек жалпылама жауаптармен шектеліп отыратын. Мысалы «Ақшаны қайтару мерзімін заңгерімізбен ақылдасамын. Сіздердің өтініштеріңізге жауап ретінде мерзімі мен шарттары көрсетілген ресми жауап дайындайтын шығармын» деп жазып жіберетін. Кейін тіпті сұрақтарымызға мүлде жауап бермейтін болды», - дейді турист.
Талап-арызды алғаннан кейін ол ақшаны жақын арада қайтаратынын айтып, ресми жауап та жіберуге уәде берген.
«Қазір ақшаны қайтару мәселелерімен және Сеулден оралған туристерге қатысты жағдайды шешумен айналысып жатырмын. Талап-арыз қабылданды, ақшаны жақын арада қайтарамыз. Сондай-ақ ресми жауапты сканерленген нұсқада ұсынамыз. Оны осында өзім жіберемін немесе әріптестерім жолдайды», – деп жазған ол.
Алайда осыдан кейін компания өкілі мүлде байланысқа шықпаған соң, 30 сәуірде адвокаты компанияға екінші сотқа дейінгі талап-арыз жолдаған. Сондай-ақ Сандуғашпен өзі де телефон арқылы және хабарлама арқылы байланысуға тырысқан. Бірақ оның айтуынша, компания өкілі тек жалпылама жауаптар беріп, кейін байланысын үзген.
скрин: жәбірленушінің рұқсатымен жарияланды
Сот ерлі-зайыптының пайдасына шешім шығарған
2026 жылғы 13 мамырда ерлі-зайыпты сотқа талап арыз берген. 22 маусымда алдын ала сот отырысы өткен.
«Біз сотқа Сандуғаштың жұмыс телефон нөміріне дейін барлығын бердік. Себебі, бастапқыда келіссөздер, хат алмасулардың барлығы сол нөмір арқылы жасалды. Бұл маңызды еді. Өйткені, Сандуғаш кейін бұл нөмірді өзіне тиесілі жұмыс нөмірі емес екенін айтып және сот процесі туралы мүлде хабарсыз болдым деп отыр. Ол 1, 3 және 8 шілдеде өткен сот отырыстарына бірде-бір рет қатыспады. Бірақ сот хатшысы оны процесс туралы тиісті түрде хабардар еткен. Соған қарамастан, ол білмедім деп отыр», - деп шағымын айтты жәбірленуші.
8 шілдеде сот жәбірленушінің пайдасына шешім шығарып, Сандуғаштан 2,6 миллион теңге қарызды, адвокат қызметі мен мемлекеттік баж шығындарын өндіруді міндеттеген. Өндіріп алатын ақшаның көлемі 2 миллион 830 мың 758 теңгеге жеткен. 19 тамызда сот шешімі заңды күшіне еніп, атқару парағы жеке сот орындаушысына берілген. Сол күні атқарушылық іс жүргізу қозғалған.
Жәбірленушінің айтуынша, Сандуғаш жеке сот орындаушысымен бір рет байланысып, атқару парағымен танысқан. Алайда кейін оның хабарламалары мен шақыруларына жауап бермей қойған. Осыдан кейін жеке сот орындаушысы оның банк шоттарына тыйым салып, елден шығуына шектеу қойған.
Ақшаның қайтарылмауын шоттардың бұғатталуымен түсіндірген
21 қазанда ерлі-зайыпты Алматыда жүрген кезінде Алатау аудандық полиция басқармасы Криминалдық полиция бөлімінің аға жедел уәкілі оларды түсініктеме беруге шақырған. Сол кезде Сандуғаштың ұсталып, полиция бөлімінде отырғанын білген.
Олар туристік компания өкілімен алғаш рет сол жерде жүздескен. Жәбірленушілер ақшаның қашан қайтарылатынын және қазіргі уақытта қаражаттың қайда екенін сұрағанымен, нақты жауап ала алмаған.
«Сандуғаш ақшаны қайтарудан бас тартпайтынын айтты. Бірақ жеке сот орындаушысы банк шоттарына тыйым салғандықтан, ақшаны қайтара алмай отырғанын түсіндірді. Біз сол сәтте оның үстінен жеке арыз түсіре алмадық. Себебі біздің мәселе сотта қаралды және заңды күшіне енген шешім шыққан еді. Ал басқа алданған туристтер оның үстінен полицияға арыз түсірді», – дейді жәбірленуші.
«Бір теңге де қайтарылған жоқ»
Бүгінде ерлі-зайыпты компания өкілімен әлі де хат алмасып жүр. Сандуғаш соңғы хабарламаларының бірінде ақшаны қайтаруға қарсы емес екенін, бірақ банк шоттарының бұғатталуы жұмысқа кедергі келтіріп отырғанын жазған.
«Қайтару мүмкіндігіне қарай әрекет етеміз. Өздеріңіз білетіндей, біздің шоттарымызға жеке сот орындаушысы шектеу қойған. Соның салдарынан жаңа туристерді брондау және сіздердің ақшаларыңызды тезірек қайтару қиын болып отыр. Жаңа тур рәсімдейтін туристерді де (сіздерді немесе таныстарыңызды) райынан қайтарып, ақшаны қайтару туралы өтініш жазуға көндіріп жатыр. Бұл туралы да естіген шығарсыздар. Келісімге қатысты айтарым, күтіңіздер. Онымен танысқаннан кейін келіссеңіздер, қол қойып, ортақ шешімге келе аласыздар. Бұған дейін де ақшаны қайтарудан бас тартпайтынымды бірнеше рет айттым. Болмаса, қаражатты мүмкіндікке қарай қайтаруды күту керек», – деп жазған компания өкілі.
Жәбірленушілердің айтуынша, Sayahat Time компаниясы әлеуметтік желілерде жұмысын жалғастырып, олар туралы мақтау жазған адамдардың ғана пікірін шығарып, өздерін мінсіз етіп көрсетіп жүр. Ал оларға жазылған шағымдарға жауап бермейді. Наразылығын білдірген қолданушыларды бұғаттап тастайды.
Соңғы рет сөйлескен кезінде компания өкілі ерлі-зайыптыға адвокаты хабарласатынын айтып, сұрақтарына жауап бермеген.
Осылайша, ақшаны қайтару туралы алғашқы өтініш берілгеніне алты айдан астам уақыт өткен. Осы кезеңде ерлі-зайыпты компанияға өтініш жолдап, екі рет сотқа дейінгі талап-арыз түсірген, сотқа жүгініп, өз пайдасына шешім шығартып, атқарушылық іс жүргізуді бастатқан. Алайда сот шешімі заңды күшіне енгеніне екі айдан астам уақыт өтсе де, олар 2,6 миллион теңге қаражатынан әлі күнге дейін қайтара алмай отыр.
«Шоттың бұғатталуы сот шешімін орындамауға себеп емес»
Заңгер Қамиша Ешмұхамедқызының айтуынша, сотта жеңіске жету істің толық аяқталғанын білдірмейді. Ең маңыздысы – сот шешімін орындатып, өндірілетін ақшаны нақты қайтару. Ол үшін азамат соттың заңды күшіне енген шешімі негізінде атқарушылық парақ алып, оны сот орындаушысына тапсыруы керек.
Заңгердің сөзінше, егер сот орындаушысы атқарушылық іс жүргізуді бастағанымен, тиісті шаралар қабылдамаса, азамат оның әрекетсіздігіне шағымдануға құқылы. Ол үшін сот орындаушысынан борышкердің банк шоттары мен мүлкі тексерілгені, қандай шектеулер қойылғаны, табыс көздері анықталғаны және қарызды өндіру үшін қандай мәжбүрлеу шаралары қолданылғаны туралы жазбаша ақпарат сұрату қажет.
«Азаматтың қолында сот шешімі ғана емес, атқарушылық парақтың бар-жоғын да анықтауы маңызды. Егер сот орындаушысы ешқандай шара қолданбаса, оның әрекетсіздігіне шағым түсіруге болады. Ал сот шешімін қасақана орындамаған жағдайда ҚР Қылмыстық кодексінің 430-бабы бойынша полицияға арыздану мүмкіндігі де бар. Сондықтан барлық өтінішті жазбаша берген дұрыс. Өйткені кейін олар азаматтың құқығын қорғау кезінде дәлел ретінде пайдаланылады», – дейді Қамиша Ешмұхамедқызы.
Заңгер туркомпания өкілінің «банк шотым бұғаттаулы, сондықтан ақшаны қайтара алмаймын» деген уәжін де қарызды өтемеуге негіз деп санауға болмайтынын атап өтті. Оның айтуынша, шоттың бұғатталуы борышкерді сот шешімімен жүктелген міндеттемеден босатпайды. Азаматтық кодекстің 272-бабына сәйкес, міндеттеме шарт талаптарына және заңнамаға сай орындалуға тиіс. Егер банк шотында қаражат болмаса, сот орындаушы борышкердің өзге мүлкі мен кіріс көздері есебінен қарызды өндіріп алу мүмкіндігін қарастыруы керек.
«Шоттың бұғаттаулы болуы – сот шешімін орындамауға себеп емес. Сот орындаушы борышкердің басқа мүлкі мен табыс көздерін анықтап, заңда көзделген мәжбүрлеу шараларын қолдануы қажет. Атқарушылық іс жүргізуге қатысушылар заң бойынша іс материалдарымен танысуға, құжаттардың көшірмесін алуға және сот орындаушысының әрекетіне немесе әрекетсіздігіне шағымдануға құқылы. Сондықтан азаматтар өз құқықтарын талап етіп, істің нақты орындалуын бақылауы керек», – дейді заңгер.
Sayahat Time мән-жайға байланысты не дейді
Редакция мән-жайды Sayahat Time тур компаниясының өзінен сұрап көруге тырысып, әлеуметтік желідегі байланыс нөміріне жазды. Алайда тілшіміздің оқиғаға байланысты қойған сұрағына тікелей жауап бермей, сауалымызды айналып өтіп, өзімізді сұрақпен жаудырды.
«Біздің туристік агенттіктің нарықта жұмыс істеп келе жатқанына төрт жылдан асты. Осы уақыт ішінде біз 1000-нан астам туристке қызмет көрсетіп, халықаралық спорттық іс-шараларға, концерттерге және басқа да ірі оқиғаларға сапарлар ұйымдастырдық. Әрине, кез келген қызмет көрсету саласындағыдай, біздің жұмысымызда да әртүрлі жағдайлар, соның ішінде жекелеген клиенттердің наразылықтары мен шағымдары кездеседі. Біз әлеуметтік желілерде жарияланған жағымсыз пікірлердің және әрбір нақты өтініш пен шағымды жеке қарастыруға дайынбыз. Біз өз міндеттемелерімізді орындаудан бас тартпаймыз және оларды Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасында белгіленген тәртіппен орындауға дайынбыз. Сондай-ақ, жекелеген жағымсыз пікірлердің болуы, олардың мән-жайы мен шынайылығы толық зерттелмейінше, компания қызметіне тұтастай баға беруге жеткілікті негіз бола алмайтынын атап өткім келеді», - деп жауап берді туркомпания редакцияның оқиғаға байланысты сауалына.