Астанада жастар мен депутаттар «Bir Tolqynda» диалог алаңында бас қосып, Жолдаудың басым бағыттарын талқылады
Жиын соңында қатысушылар сұрақ қойып, ұсыныс айтты
Бүгін «Әділет» партиясы жанындағы «Жастар Рухы» жастар қанаты ұйымдастырған «Bir Tolqynda» диалог алаңы жиналған жастарға серпін беріп, бойына сенім ұялатты. Себебі қағазға жазылған жаттанды дүниеден гөрі жастарға шынайы кеңес пен өмірде болған кейстер ұнайды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Мысалы, басқосуға қатысқан Астана халықаралық университетінің студенті Фатима Бақытхан ойын ашық айтуға, көкейдегі сауалға жауап алуына мүмкіндік туғанын, осындай диалог алаңдарының жастарға берері мол екенін айтты.
«Бүгінгі алаңда ерекше коннект орнады. Жастардың үні естіліп, үлкендер алтынға пара-пар кеңес айтты. Мұндай форматтың тиімді тұсы да осы секілді. Мұндай кездесу күнде болмайды», – деді ол.
Бұдан басқа «Жастар Рухы» ұйымдастырған «Bir Tolqynda» диалог алаңы талқылаған тақырыптардың бірі – президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жуырдағы Жолдауы болды. Бұл жайында Есіл университетінің бірінші курс студенті Нұрдәулет Алданбеков те айтты. Ол кездесуде Президент Жолдауындағы маңызды мәселелер түсінікті тілде талқыланып, спикерлерден өзіне қажет кеңес алдым дейді.
Белсенді жастармен кездесу үшін «Әділет» партиясы төрағасының орынбасары Ержан Жылқыбаев, Құрылтай депутаттары Ақерке Искандерова мен Дидарбек Ділдәбек арнайы келді.
Ержан Жылқыбаевтың айтуынша, Жолдаудың негізгі мақсаты – халықтың әл-ауқатын арттыру.
«Жолдаудың негізгі бағыты, ең алдымен, халықтың әл-ауқатын көтеру. Ол тек табысты арттыру емес, сапалы өмір сүру деңгейін қамтамасыз ету, инфрақұрылым сапасын жақсарту, балабақшадан бастап сапалы білім беруді жолға қою. Мұндай бастамалардың нәтижесінде экономиканың барлық саласы қатар дамиды», – деді ол.
Құрылтай депутаты, «Әділет» партиясының мүшесі Ақерке Искандерова да Жолдауда белгіленген міндеттерді орындау үшін жастардың белсенділігі маңызды екенін атап өтті. Оның пікірінше, елдің дамуына үлес қосу үшін жас буын қоғамдық өмірден шет қалмай, білімін жетілдіріп, бастамашыл болуы керек. Сондай-ақ депутат жастарды ортақ мақсат жолында бірігіп, өз ортасында оң өзгерістер жасауға ұмтылуға шақырды.
Ал Құрылтай депутаты, цифрландыру, инновация және ғылым комитетінің мүшесі Дидарбек Жұмағалиұлы жастармен ашық сөйлесудің маңызына тоқталды. Оның пікірінше, жастарға дайын баяндаманы оқып бергеннен гөрі, мемлекеттік бастамаларды күнделікті өмірдегі мысалдармен түсіндірген әлдеқайда тиімді.
«Сондықтан кездесуді ашық әрі еркін форматта өткізуге тырыстық. Мұндай жүздесулерде жастарға ақпарат беріп қана қоймайсың, замандастардың өзінен де көп дүние үйренесің. Ойларын тыңдайсың, кері байланыс аласың. Құрылтай депутаттарының негізгі міндеттерінің бірі – халықпен ашық сөйлесіп, оның пікіріне құлақ асу», – деді депутат.
Ол Президент Жолдауындағы басым бағыттардың бірі – цифрландыруға да тоқталды. Депутаттың сөзінше, қазір Жолдауда белгіленген міндеттерді жүзеге асыру бағытында Үкімет пен Құрылтай жұмысқа кіріскен.
Жиын соңында жастар спикерлерге сұрақ қойып, өз ойлары мен ұсыныстарын айтты. Тіпті алдағы уақытта қайта кездесуге уағдаласты. Яғни, жастардың пікірінше, диалог алаңы өз бастамаларын айтып, талқылап, аға буынмен байланыс орнататын ортаға айналған.