Бұландыда шенеунік жол жөндеуге бөлінген 78 млн теңгені сыбайластарымен бірге ұрлаған
Олардың ақшаны қалай ұрлағаны әшкере болды
Ақмола облысына қарасты Бұланды ауданында шенеунік жол салуға бөлінген ондаған миллион теңгені сыбайластарымен бірге жымқырған. Прокуратура тергеу нәтижесінде осындай қорытындыға келді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бұл іске Бұланды ауданы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің бұрынғы басшысы мен мердігер ұйым басшыларының қатысы бар болып шықты. Аталған мекеме 2023 жылы Никольское ауылындағы 5,4 шақырым жолды жөндеу үшін мердігер ұйыммен 167,8 млн теңгеге шарт жасасқан.
Келісім бойынша бұл шарт 2024 жылы аяқталып, оған 103 млн теңге жұмсаған. Бастапқыда бәрі қалыпты көрінген. Алайда тексеру барысында олардың 78 млн теңгеге орындауы тиіс жұмысты нақты орындамағаны әшкере болды. Ал ең сорақысы, бұл ақшаны жол жөндеуге емес, мүлдем басқа жаққа жұмсап тастаған.
«Қылмыстық іс Ақмола облысының арнайы прокурорларының өндірісіне тапсырылды. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды», – делінген прокуратураның хабарламасында.